Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов облыс орталығындағы құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Шаһар басшысы алдымен «Шығыс» шағын ауданында салынып жатақан жаңа тұрғын үйді барып көрді. Құрылысшылар мұндағы жұмысты мамыр айының соңына дейін аяқтаймыз дейді. Қазір 20 пәтерлік тұрғын үйдің айналасы тегістеліп, абаттандырылу үстінде. Алайда, бұл жұмыстар қала әкімінің көңілінен шықпады. Үйге кіреберіс жердегі адам жүретін жолдардың шақпақ тастары дұрыс төселмеген және жас көшеттердің бойлары тым аласа болып тұр.

«Әсіресе, үйге кіреберіс жер өте әдемі болып тұруы тиіс. Мына ағаштарыңыз жарамайды, дереу басқасын әкеліп отырғызыңыздар. Тұрғындар жүретін жолдың да сапасы жақсы болуы қажет. Осыны ескеріңіздер», — деді Ғ.Әбдірайымов.

Қала әкімі үйдің ішіне кіріп, ондағы жұмыстарға да сын тақты. Атап айтсақ, кейбір пәтерлердің едені тегіс емес. Жұмысшылар жердегі төмпешіктерді тегістемей оның бетіне қаптама жаба салған. Көзге бірден оғаш көрініп тұрған еденге қала басшысы наразылығын айтып, тез арада ретке келтіруді тапсырды.

Келесіде Ғалымжан Райылұлы 7-ші шағын аудандағы құрылыс алаңдарына барды. Бүгінде бұл жерде де жаңадан бірнеше тұрғын үй бой көтеруде. Шаһар басшысы соның ішіндегі 45 және 60 пәтерлі үйдің құрылысымен танысты. Мұндағы 60 пәтерлі үйдің негізгі жұмыстары аяқталған. Қазір қабырға сылақтары жүріп жатыр.

Ал, осы үйдің жанындағы 45 пәтерлі нысанның тек іргетасы ғана құйылыпты. Құрылыстың баяу жүріп жатқанын байқаған Ғалымжан Әбдірайымов тез арада жұмыс күшін көбейтуді тапсырды. Қазір мұнда тек 60 адам ғана жүр екен. Құрылыс басшысы дүйсенбіден бастап жұмысшылардың санын 120-ға дейін арттыратынын айтты. Айта кетейік, бұл тұрғын үйлер үстіміздегі жылдың мамыр және қараша айларында қолданысқа берілмек.

Сондай-ақ, қала әкімі котеджді қалашықтағы, Оңтүстік-батыс ауданындағы тұрғын үйлердің және «Жастар-3» шағын ауданындағы инженерлік және коммуникациялық желілердің құрылысымен танысып шықты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK