Қалалық партияның конференциясы
дереккөз

«Nur Otan» партиясының  Талдықорған қалалық  филиалының кезектен тыс  XXIХ  конференциясы өтті. Тіл сарайында өткен жиынға партияның облыстық филиалы  төрағасының орынбасары С.Нұрқадыров,  бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшілері, депутаттар, саяси кеңес, бюро мүшелері, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, жалпы алғанда, барлығы  100-ге жуық делегат қатысты.

Қазіргі таңда қалада  партияның 11 мыңнан астам мүшесі  бар 28 бастауыш партия ұйымы жұмыс жасайды.

Жиынды ашқан қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Жазықбаев :«Соңғы кездегі жүйелі өзгерістер мен сапалы жаңартулардың нәтижесінде партияның көпқырлы қызметі анағұрлым белсенді бола түсті, тиімділігі артты», — деп атап өтті.

Облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары С. Нұрқадыров: -Құрметті делегаттар ! Алматы облыстық партия филиалының төрағасы Амандық  Баталовтың ұсынысымен, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен  Әшімбаевтың бұйрығымен сіздердің назарларыңызға «Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалының төрағасы лауазымына  Талдықорған қаласы әкімі қызметіне  кіріскен,  облыс әкімдігінде, министрлікте қызмет еткен беделді, білікті басшы, тәжірибелі маман, саяси сауатты, ел құрметіне ие Әбдірайымов Ғалымжан Райылұлының кандидатурасын ұсынамын,-деп  өз ойын білдірді.  Конференция делегаттары  ұсынысты құп алып,  Ғ. Әбдірайымов  қалалық партия филиалының төрағасы лауазымына сайланды.

Жалпы айтқанда, партияның қолдауымен  азаматтарға  әлеуметтік қолдау көрсетіліп, халық арасында мемлекеттік саясат насихатталып,  тұрғындардың мәселелеріне бағытталған  жұмыстар шешімін тауып келеді.  Мәселен, партия төрағасы  Н. Назарбаевтың  берген тапсырмаларына сәйкес, «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы» ,«Ауыл –ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобалардың аясында  көптеген  жұмыстар қолға алынған.  Әсіресе, әлеуметтік  салада шешімін тапқан мәселелер айтарлықтай. Көпбалалы отбасы  балаларына берілетін  жәрдемақы  көлемі ұлғайып,   көпбалалы аналар   қаладағы қоғамдық көлікте   тегін жол жүру құқығына ие болды. Көпбалалы отбасылардың  оқушы балалары мектепте ыстық тамақпен қамтылса, балдырғандар  балабақшаға  тегін барып жүр.  Осылайша,   көпбалалы  отбасыларға ерекше көңіл бөліп,әлеуметтік  салада  «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жүйесі негізінде  көмек көрсетіле  бастады.

Жиында партияның Алматы облыстық филиалының кезекті конференциясына делегаттар   сайланды. Алдағы президент сайлауы маңызды да жауапты сәт. Сондықтан да , жарыссөзге шығып сөйлеушілер  былайша  өз ойларын білдірді.

Оралбек Жақиянов, Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы келісім кеңесінің төрағасы: -Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізудің қажет екенін дәлелдейтін себептерді үш топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – халықаралық сипаттың әсері. Әлемдік қауымдастық елімізді Н.Назарбаевтың көпвекторлы саясаты арқылы таниды. Әлем елдері алдында  белгілі тұлғаға айналған Елбасының есімі мемлекет атауымен тікелей байланысты. 19 наурызда Тұңғыш Президенттің өз құзыретін тоқтату туралы шешімінен кейін  халықаралық сарапшылар ойында «Билік транзиті қанша уақытқа жалғасады?» деген заңды сұрақ туды. Сайлауды күтсек – бір жыл, саяси науқанды күзге белгілесек – алты ай күтуге тура келер еді. Сондықтан халықаралық қауымдастықтың алдында Қазақстанның  абырой беделін төмендетпей, жоғары ұстаудың маңызы зор.

Екінші мәселе Қазақстанға капитал әкелетін инвесторлармен байланысты. Әлемнің әр бөлігіндегі инвестициялық ахуалды зерттейтін компаниялар бар. Олардың бағалау критериіне елдің экономикалық өсімі, халықтың білім деңгейі сияқты санаттардан бөлек, саяси жағдайы да кіреді.  Президент   Қасым-Жомарт Тоқаев  сайлаудың ашық әрі әділ өтетініне және қауіпсіздік мәселесіне мән берді. Кез келген мемлекетте сайлаудың ашықтығын, заңға сәйкес өтуіне баға беру үшін шетелдік бақылаушылар шақырылады. Олар саяси процесті  бақылап, халықаралық талаптардың сақталуын, заңның бұзылмауын, азаматтардың құқықтарының қорғалуын қадағалайды.

   Аяулым  Мәдіхан, жас маман:- Ең ірі саяси күшке айналған «Нұр Отан» партиясы құрылғаннан бастап елдегі барлық істің басы-қасында келеді.

Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  «Бақуатты қоғам» онжылдықтың 10 мақсаты» атты  2030 жылға дейінгі бағдарламаны бекітті.   Елбасының Қазақстанды жаңғырту стратегиясы аясында онжылдыққа бағытталған 10 мақсат қойылды. Соның бірі — жастарды қолдау.  Оның ішінде ипотекалық несиелер бойынша алдын-ала төлемді субсидиялау тетіктерін енгізу, жоғары білім алуына, шығармашылығын жетілдіруге  жағдай жасау  міндеттері  қойылды. Мұның бәрі  елімізді жарқын болашаққа жетелер бастама деп білемін. Сондай-ақ , алда кезектен тыс президенттік  сайлау өтеді. Бұл еліміз үшін тарихи таңдау жасап, ертеңімізді айқындар, болашағымызды анықтар сәт.                                                         

                                

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK