ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған билік өкілдері Алматы облысында арнайы іссапарда болды. Үкіметтік делегация құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің төрағасы Мархабат Жайымбетовтар бар. Бұл сапардың басты мақсаты – Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасының жаңа шараларын халыққа түсіндіру.

 Алдымен Талдықорған қаласындағы жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталығына атбасын тіреген делегаттар өңірде жүзеге асырылып жатқан «Әлеуметтік жол картасы» бағдарламасының орындалуымен танысты. Облыс әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, аталған әлеуметтік жобаға 3 млрд 380 млн теңгеге жуық  қаражат бөлінген. Бұл қаражат негізінен көпбалалы аналардың қоғамдық көліктерде тегін жүруін, балаларды бала бақшамен қамтуға, тұрмысында қиыншылығы бар адамдарды басқа да әлеуметтік төлемдерден босату, сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан мектеп жасындағы оқушылардың тегін тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар аймақта «Әлеуметтік карта» деп аталатын геоақпараттық жүйе жасалған. Онда көп балалы және тұрмысы төмен жанұялар туралы жан-жақты мәліметтер жинақталған. Енді  сол мағлұмат бойынша көпбалалы, мүгедек және тұрмысында қиыншылығы бар  адамдарға тиісті көмек көрсетілмек.

 

Осыдан соң қаладағы көрме орталығына барып қарапайым халықпен  жүздескен атқамінерлер мемлекеттің қазіргі жүзеге асырып жатқан  «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасының жай-жапсарын түсіндіріп, тұрғындар сауалына жауап берді.  Кездесуге келген жергілікті жұрт негізінен өздерін мазалаған  баспана алудың тиімді жолдары, атаулы әлеуметтік көмек, кәсіпкерлікке арналған төмен пайызды несие, мүгедек адамдарға жасалатын қамқорлық түрлері бойынша бірқатар сұрақтарға жауап алды.

Кездесуден кейін делегация құрамы өңірдегі  білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет басқа да салаларда жасалып жатқан игі істерді көзбен көруге бағыт алды. Мұнда облыс орталығындағы жаңадан бой көтерген  Б.Римова атындағы драма театрдың ғимаратын аралап, сәнді де салтанатты  мәдениет ордасына жоғары баға берсе, шаһардағы  №28 ІТ мектептегі өнертапқыш оқушылар жасаған жаңа құрылғыларды көріп, жас жеткіншектердің өнеріне сүйінді.

Осы орайда  БАҚ өкілдері алдында сөз алған Гүлшара Наушақызы:  «Жалпы қазір Алматы облысында жақсы жұмыс жасалып жатыр. Алдағы үш жылда бұл аймақтан 109 медициналық мекеме, 18 мектеп бой көтерін болады. Облыс демографиялық тұрғыдан да өсіп келеді. Бүгінде облыста 40 мың көп балалы ана бар. Соның 18 мың отбасы, яғни 87 мың адам көмек алады. Олардың басым көпшілігі балалар. Ал, тұрғындарға көмекті дер кезінде көрсету үшін мұнда әлеуметтік карта жасалған. Мамыр айынан бастап, 80 отбасыға арендалық үй беріледі. Ол жұмыс та басталып кетті» – деп атап айтты.


Сонымен бірге, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «Nur Оtan» партиясының Алматы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, жеке мәселелерімен келген тұрғындарға жол көрсетті. Әрі қаладағы атаулы әлеуметтік көмек алып отырған бірнеше отбасына барып, олардың тұрмыстық жағдайын сұрап білді. Көмекке мұқтаж отбасы мүшелері қазір өздерінің көпбалалы аналар санатында атаулы әлеуметтік көмек алумен қатар қоғамдық көлікте тегін жүру, және басқада әлеуметтік төлемдерден жеңілдіктер қарастырылғанына дән риза екенін жеткізді.

Іс сапардың екінші күні билік өкілдерінің қадамы Талдықорғандағы электр техникалық құралдар шығаратын «Инфраэнерго» ЖШС-нен басталды.  Бұл кәсіпорын өткен жылы жалпы құны 2 млрд. теңгенің, ал, биылғы жылдың 1-тоқсанында 436,4 млн. теңгенің өнімін шығарған. Бұл туралы үкімет  делегациясы кәсіпорынды аралап, тыныс-тіршілігімен танысу барысында айтылды. Сондай-ақ, кәсіпорында аудан, қала әкімдерінің, ірі кәсіпорындар жетекшілерімен, бизнес-қауымдастық өкілдерінің және кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік жауапкершілік жөнінде кездесу өтті. Басқосуда Гүлшара Әбдіқалықова экономиканың нақты секторын, бизнес-қоғамдастықты мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруда белсенді атсалысуға шақырса,Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бүгінде  жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек келісімшарттарының электронды нұсқасы енгізіліп жатыр. Бұл жұмыс барысында қызметкерлердің барлық құқықтарының сақталуына ықпал ететін шара болмақ деп атап көрсетті.

Әрі қарай  мәртебелі меймандар  көпсалалы облыстық балалар ауруханасының неонаталдық орталығына атбасын тіреді. Орталықтағы қазіргі заманғы құрал-жабдықтар балалар мен жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған хирургиялық, травматологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Орталық  бала өлімін азайтуға, патологияны ерте сатыда анықтау мен алдын алуға бағытталған. Жаңадан іске қосылған емхана жұмыс бастағалы 189 операция жасалса, оның 18-і жаңа туған нәрестелер.

Жұмыс сапарының соңында Премьер-Министрдің орынбасары «Қаратал» шағынауданындағы студенттерге арналған жатақхана құрылысының жұмысымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов: «Бұл ғимарат бұрын құрылысы аяқталмаған қонақүй болатын. Енді  оны 2,4 млрд теңге қаражат бөліп,   қайта жаңғырту арқылы 288 орындық заманауи студенттік жатақханаға айналдыру көзделген. Сонымен бірге Жетісу  мемлекеттік университеті  өз қаражатымен тағы бір жатахана салу жоспарлануда» -деді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK