Талдықорғандағы журналистер үйінде мемлекеттік қызметшілер арасында «HEAD PLAY» облыстық зияткерлік ойындарынан арнайы байқау өтті. Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған  шараға аймақтағы 90 мемлекеттік қызметшіден құрылған 18 команда қатысты.

Мұндағы мақсат – өңірдегі зияткерлікті, ізденімпаздықты, жаңашылдықты, жауапкершілікті дамыту, мемлекеттік қызметшілердің ұйымдастырушылық пен шешендік қабілетін арттыру, сондай-ақ ұжымдық бірлестікті қалыптастыру.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, жеті кезеңнен тұратын ойын ширату сәтінен басталып, қиын сұрақтармен өрілген. Ойын  барысында бір де бір қатысушы шет қалмаған. Нақтырақ айтқанда, қатсыушыларға «Адамның кеуде қуысын қанша қабырға ұстап тұр? Алматы облысының әр ауданын жер көлеміне қарай орналастыр, бөлгіш пен бөлінгіш туралы», жалпы, тіршіліктің барлық саласы бойынша түрлі сұрақтар қойылған.

Бірнеше сағатқа созылып, тартымды да тартысты өткен сайыста жеңімпаздарға арнайы сертификаттар мен дипломдар және бағалы  сыйлықтар табыс етілді. Ойын қорытындысы бойынша,  І орынды облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Табиғат» командасы  жеңіп алса, ІІ орын жүлдесін  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің «Адал қызмет» командасы қанжығалады. Ал, III орынға облыстық білім,  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының бірлескен «Білім жолы» командасы лайық деп танылды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK