Бүгін Талдықорғанда «Космос – ол біз» атты Гагарин сабағы аясында болып жатқан «Батыр партасы» акциясы өтті. Аталмыш шараға Талдықорғанның тумасы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Айдын Айымбетов арнайы келіп, өзі оқыған №14 мектептің оқушыларымен кездесті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

«Батыр партасы» 12 сәуір Ғарышкерлер күніне орай әлемнің 97 мемлекетінде жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл акция біздің елде тұңғыш рет өтті. Шараның негізгі мақсаты – ғарыш саласы бойынша оқушыларға терең мағлұмат беру және жас ұрпақтың патриоттық сезімін оята отырып, олардың ғарышкерлерге деген құрметін арттыру.

Айдын Айымбетов

Аталмыш шарада Қазақстанның халық батыры, әскери әуе қызметінің генерал-майоры, космонавт Айдын Аханұлы оқушыларға жылы лебіздерін білдірді. Ол өз сөзінде: «Құрметті оқушылар! Болашақта сіздердің араларыңыздан ғалымдар, танымал спортшылар және ғарышты бағындырушылар шығады деген сенімдемін. Ол үшін қазірден бастап жақсы білім алуларың қажет. Сіздерге мол табыс тілеймін, оқуда шыдамдылық танытып, мақсаттарыңызға жетіңіздер!», — деді.

Ғарышкердің құрметіне орай ұйымдастырылған шараға Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, Ресейдің ғылым және мәдениет орталығының өкілі Наталья Велик, Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысы Қайрат Бұлдыбаев, қалалық білім бөлімінің бас маманы Гүлзира Үсенова қатысты.

Құрметті қонақтар алдымен оқушылардың өз қолдарымен жасалған «Ғарыш әлемі» көрмесін тамашалады. Келесі кезекте Айдын Ақанұлы арнайы мұражайға қойылған «Батыр партасының» лентасын қиып, естелікке өзінің қолтаңбасын қалдырды. Ал, қалалық мәслихаттың хатшысы Қайрат Найманбайұлы осы мектептен түлеп ұшқан А.Айымбетовке ақ тілегін ақтарып, ғарышкердің еліміздің ғана емес, соның ішінде Талдықорғанның мақтанышы екендігін айтты.

«Батыр партасына» алғашқылардың бірі болып отыру мүмкіндігіне мектептің оқу озаты, орыс тілі пән олимпиадасының І орын иегері Жанель Абдолданова мен облыстық тоғызқұмалақ ойынының бірнеше мәрте чемпионы Айбек Нұрбекұлы ие болды. Сөз алған оқушылар ғарышкер ағаларының ізін қуып, болашақта өздері де кеңістікті бағындыру армандары екендіктерін айтып қалды.

Осыдан кейін білімгерлердің қатысуымен «Космос – ол біз» атты Гагарин сабағы өтті. Мұнда оқушылар ғарыш саласы бойынша өзара оқып, түйгендерімен бөлісті.

Шара соңында балалар ғарышкер ағаларына түрлі сұрақтар қойып, тиісті жауап алды.

Қазақстанның халық батыры, ғарышкер Айдын Айымбетов:

— 1989 жылы осы мектептен түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам бастым. Өзімнің оқыған жерімді ешқашан ұмытқан емеспін. Талдықорғанға келіп, ұстаздарыммен, сыныптастарыммен және №14 мектептің оқушыларымен кездестім. «Космос – ол біз» атты Гагарин сабағы жақсы деңгейде өтті. Балаларымыздың ғылымға қызығушылық танытып жатқанын көрдік, шыны керек бұл бізді қуантады. Келешекте осы оқушылардан жақсы маман шықса деген тілегім бар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK