Қазақстанда электр және жылумен қамту бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылады

719

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ел тұрғындарын электр және жылумен тұрақты қамтамасыз ету бойынша қолға алынған шаралар туралы айтты. 

Мәселен, оның айтуынша биыл Атырау, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы қуаттылығы 700 МВт-тан асатын электр стансаларын жаңғырту жұмыстары аяқталып, Екібастұз 1-ГРЭС-тегі қуаттылығы 500 МВт №1 энергоблок қалпына келтіріледі.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында Екібастұз 2-ГРЭС-тегі 3-ші және 4-ші блоктарды іске қосу жоспарланған, сондай-ақ Балқаш ЖЭС салу мәселесі бойынша жұмыстар пысықталып жатыр», — деді Премьер-Министр.

Бұдан бөлек, ол оңтүстік өңірлерде аяқталуы 2025-2026 жылдарға жоспарланған газ өндіру бойынша қуаттылығы 2,3 ГВт-тан асатын энергетикалық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын, сондай-ақ Алматы және Түркістан қалаларындағы 2-ЖЭО-ына бу-газ қондырғыларын енгізу көзделіп отырғанын айтты.

«Биыл Қызылордада жаңа ЖЭО құрылысы басталды. Көкшетау мен Семей қалаларындағы жылу электр стансалары құрылысын жүргізетін мердігерлерді анықтау үшін конкурс жарияланды», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Total Energies (Франция), Acwa Power (Сауд Арабиясы) және Masdar (БАӘ) компанияларымен бірлесіп, жалпы қуаты 3 ГВт жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды жүзеге асыру басталды.

Үкімет басшысы сонымен қатар, АЭС мен шағын модульдік реакторлар құрылысы мәселесі пысықталып жатқанын, сондай-ақ электр энергетика саласына инвестициялар тарту мақсатында электр энергетика нарығында Бірыңғай сатып алушының жаңа моделі енгізілетінін, «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң жобасы аясында жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге жағдай жасалатынын атап өтті.

«Елдегі барлық жылу электр стансаларына аудит аяқталды. Биыл қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз