Алматы облысының әкімі Амандық Баталов үшемді дүниеге алып келген Еңілік Қайсароваға Талдықорған қаласындағы котеджді қалашықтан үш бөлмелі үйді сыйға тартты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Қуанышты сәтке орай перзентханаға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев дүниеге келген үшемнің отбасын құттықтады.

«Талдықорғанда үшемнің дүниеге келіп жатқанына біз де ерекше қуандық. Алла кішкентайларды тіл-көзден сақтасын, жастары ұзақ болсын. Ата-анасы кішкентайларының қызықтарын көре берсін!», — деген Ақан Жылқышыбайұлы облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан ізгі тілегін білдіріп, жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Үш қызды босанған Еңілік Қайсарова 1995 жылы туған, бүгінде қаладағы №12 мектепте мұғалім болып істейді. Күйеуі Дәурен Серікұлы 1989 жылғы, жеке кәсіпкер, мейрамханалық бизнеспен айналысады. Қазір ол барлық ісін тоқтатып қойып, балаларын бағуды жоспарлап отыр. Жас жұбайлар 2018 жылдың тамыз айында шаңырақ көтерген.

«Қазір өзімді жақсы сезінемін, балалардың да денсаулығы қалыпты. Қыздардың есімі – Алима, Алиша, Альмира», — дейді жас ана.

«Қыздарымызды аман есен босандырып алған дәрігерлерге шексіз ризашылығымды білдіремін. Қуанышымызды арттырып, баспана сыйлаған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына алғысымыз шексіз. Үш нәресте дүниеге келіп, әулетіміздің мерейі тасып жатқан жайы бар.  Бұл біздің ғана емес, бүкіл қазақ елінің қуанышы», — дейді осымен оныншы рет немерелі болып отырған апасы Райхан Есмұратқызы.

Перзентхана мамандыры келтірген мәлімет бойынша, соңғы үш айда Талдықорған қаласында 28 ана егіз балаларды дүниеге алып келген екен.

Облыстық перинаталдық орталығының директоры, бас дәрігер Қанат Қалиқанұлының айтуынша үшемнің дүниеге келуі оның жұмыс тәжірбиесіндегі үшінші жағдай.

«Алғаш 1994 жылы осы қызметке келгенімде үш ұл дүниеге келген, одан кейін үш қыз. Араға 11 жыл салып, міне тағы үш қыздың өмірге келгеніне кәу болып отырмын. Балалардың туғанына бүгін 30 күн. Сәбилер мерзімінен бұрын дүниеге келгендіктен оларды осы уақытқа дейін ұстауымызға тура келді. Қазір балалардың денсаулығы жақсы. Салмақ та қосылды. Бірінші баланың туғандағы салмағы 2 келі 100 грам болған, қазір 2 келі 750 грам. Екінші қыз 1 келі 700 грам болған, қазір 2 келі 350 грам. Ал, үшінші нәрестенің салмағы алғашында 2 келі 300 грам еді, қазір 2 келі 850 грам», — дейді Қ.Жұмашев.

Айта кетейік, Талдықорған қаласында соңғы рет 2008 жылы үшем өмірге келген болатын.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK