«Жетісу» – жақсылықтың жаршысы

59
Фото авторы А.Нұршанов

Жақсылықтың жаршысы атанған «Жетісу» телеарнасының 20 жылдық мерейтойына орай төл өнерімізді дәріптеп жүрген дәстүрлі әншілердің кеші өтті.

Фото авторы А.Нұршанов

Сахна төріне көтерілген арна басшысы Бейсен Құранбек «Домбыраны қолына алып, қара жорғаны мініп, әуелетіп ән салып, қоңыр салқын төске алып Еуразияның шетсіз, шексіз даласын көсіп келе жатқан көшпендіні көз алдыңызға елестетіңізші. Олар кімдер? Олар — біздің бабаларымыз. Сол сал-серілердің ұрпақтары сіздердің алдарыңызда өнер көрсетеді. Биыл «Жетісу» арнасына, сіздердің арналарыңызға 20 жыл. Мерекемізді қалай өткіземіз? деп көп ойландық. Бірнеше шараны қолға алдық. Соның ішінде қазақтың асыл мұрасын, сонау бабалардан келе жатқан мәдениетімізді де ұлықтайық деп өңір басшысының қолдауымен аталмыш шараны ұйымдастырып отырмыз. Г.Потанин деген орыс зерттеушісі «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» дегені бар емес пе. Сонда ол Біржан сал мен Ақан серінің, Иман Жүсіп пен Жаяу Мұсаның, Мұхит пен Естайдың салған әндерінің жаңғырығын ғана естіген шығар. Ал, қазақ әнінің әуеде қалықтап тұрғанына сан мыңдаған жылдар болды. Жетісудың даласында Қабан жырау мен Сүйінбайдың, Жамбыл мен Кененнің, Қалқа мен Дәнештің, Сәдіқожа мен Пішәннің, Қапез бен Рыскелдінің жырлары шалқып, көкте қалықтады. Сол ән әлі жерге қонған жоқ. Ол құстың қанатында, таудың шатқалында, әншілердің көкірегінде әлі күнге сайрап тұр. Сол әндерді сіздермен бірге тыңдаймыз»-деп қуанышқа ортақтаса келген көрермендерге алғысын білдірді.

Фото авторы А.Нұршанов

Мерекелік кеште Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Бейбіт Мұсаев, Нұржан Жанпейісов, Еркін Шүкіман, Тілеулес Құрманғалиев сынды жезтаңдай өнерпаздар қазақ әнінен  шашу шашты.

Фото авторы А.Нұршанов

Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Жетісу өңірі   ақындар мен батырлардың ұлы мекені. Еліміздегі алдыңғы қатарлы облыстардың бірі. Қоғам мен халық арасындағы дәнекер «Жетісу» арнасында бірнеше мәрте қонақ болдым. Түрлі мәселелер көтеретін және нәтиже шығарар  бағдарламалар бар. Сіздер арқылы ел-жұртпен танысып жатырмыз. Әннің шығу тарихы, авторы, алғашқы орындаушылары жөнінде де айтылып жатыр. Әр кездескен сайын жақсы жаңалықпен жүздесейік.

Фото авторы А.Нұршанов

Айта кетейік, қазіргі таңда «Жетісу» телеарнасында 200-ге жуық қызметкер, 30-ға жуық төл бағдарлама бар. Материалдық-техникалық базасы соңғы үлгіде жабдықталған.  Ақпараттық-танымдық, отбасылық арна тәулігіне 17 сағат хабар таратады. Тек облыс көлеміне ғана емес, сонымен қатар ОTAU-TV спутниктік желісі арқылы Ресей, Түркия, Иран, Пәкістан, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің де аумағына тарайды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK