Дәл қазір жерден игіліктеніп отырған диқандар үшін көктемгі егіс науқанының қарбалас мезгілі.  Осыған байланысты, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров Талдықорған қаласы маңындағы  егістік жерлерге барып, ондағы заманауи техникалармен тұқым сіңіру жұмыстарын өз көзімен көріп қайтты.

 БАҚ өкілдері алдында сөз алған Серікжан Ісләмұлы:  «Бүгінде аймағымыздағы егін егу жұмыстары басталып кетті. Оған қажетті техникалар мен жанар-жағармай, тұқым және  тыңайтқыш мәселелері толық қамтамасыз етілген. Жетісулық шаруалар биыл негізінен басқа да дақыл түрімен бірге жүгері, май бұршақ және қант қызылшасын өсіруге ден қойды. Нақтырақ айтсақ, биыл аймақта 14 мың гектар жерге қант  қызылшасы, 81 мың гектарға жүгері, 100 мың гектардан астам  аумаққа май бұршақ егіледі. Себебі, қазір түрлі зауыттар ашылып, май бұршаққа сұраныс артуда. Сонымен бірге, қазіргі  жер жыртып, тұқым сіңіруге  қолданылып жатқан озық үлгідегі техникалар мол өнім алуға мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылы қант қызылшасынан әр гектар жерден орташа есеппен 400 центнерден  өнім алынса, биыл бұл  көрсеткіш 600 центнерден айналады деп жоспарлануда» -деді.

Талдықорған қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Жамаубаевтың айтуынша, бүгінгі күнде Талдықорған қаласына қарасты жалпы  егістік алқабы 6600 гектарға жуық. Соның ішінде тәтті түбір егілген аумақ 160 гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 70 гектарға жоғары. Қант қызылшасын егуді  талдықорғандық 8 шаруа қожалығы қолға алған. Қазір тұқым сіңіру жұмыстары жалғасуда. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, егістік жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес, мамыр айының 5-10 аралығында  толық аяқтау көзделген.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK