«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президент Үндеуіне байланысты өңірлердегі кәсіпкерлердің басын қосып, Басқарманың кеңейтілген отырысын өткізді. Жиынды бастаған Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Президент Үндеуінде ең алдымен қажеттісі айқындық пен тұрақтылық екенін мәлімдеді.

«Қоғамға да, бизнеске де айқындық керек. Жоғарғы билік Конституцияға сүйеніп, заң негізінде қадам жасады. Президентіміз Елбасымен де, еліміздегі басқа да саяси күштермен, Парламент, Үкімет басшыларымен ақылдасқанын айтып өтті. «Атамекен» кәсіпкерлерді біріктіріп отырған ұйым болғандықтан, бизнеске ең бірінші тұрақтылық керек екенін айтқым келеді. Кәсіпкер үшін  өз бизнесін дамыту, елдегі инвестициялық ахуалдардың оң болуы, ішкі бизнеске де, сырттан келетін бизнеске де елдің тұрақтылығы, қоғамның тұрақтылығы, ауызбіршілігі керек»деді Басқарма Төрағасы.

Президент шешімі кәсіпкерлік тұрғысынан да қолдау табатын тура шешім.  Өз кезегінде өңірдегі бизнес-қауымдастық өкілдері өз пікірлерімен бөлісті.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы, «Алматы бояулары» ЖШС Директорлар кеңесінің төрайымы Римма Салықова Үндеудің уақытылы қабылданған шешім екенін айтты.

«Барлығымыз үшін тұрақтылық керек. Бұл – кәсіпкерліктің қарқынды дамуы мен ертеңгі күнге деген сенімділіктің кепілі. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеуі қоғамның көптен күткен саяси оқиғасы. Әрбір қазақстандық сайлауға қатысып, еліміздің болашағы үшін дауыс беруі тиіс деп санаймын»,деп атап өтті Римма Салықова.

Ескелді ауданы «Кассанжар» шаруа қожалығының басшысы Жанатбек Сарғалдақов кезектен тыс Президент сайлауын өткізу инвестициялық климаттың дұрыс қалыптасып, жалпы елдің экономикалық дамуына үлкен әсерін тигізетінін айтты.

«Бизнесте жүрген және басқа да салада қызмет атқарып жатқан азаматтар үшін сайлау – маңызды саяси процесс. Қазіргі таңда Қазақстан ірі саяси-экономикалық өзгерістердің алдында тұр. Сондықтан сайлау барлық мәселенің түйінін шешіп, айқындылық береді. Бұл менің ғана пікірім емес, қарым-қатынаста болған көптеген әріптестерімнің ойы», — деді Жанатбек Сарғалдақов.

Басқарманың кеңейтілген отырысында басқада өңірлердегі жиынға қатысқан кәсіпкерлер мен салалық қауымдастықтардың өкілдері бірауыздан бизнес қашанда нақты әрі ашық шешімді таңдайтынын, әр жасалған қадам бизнестің дамуына тікелей әсер ететінін және кезектен тыс Президент сайлауы – дұрыс шешім екенін атады.

Диас БЕЙСЕНБЕК.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK