Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында дін өкілдерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлықты жалпыға ортақ қабылдамауды қалыптастырудағы руханилық пен адамгершілік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жиын барысында Департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев:

— Сіздердің бастырыңызды қосып жиын өткізудегі басты мақсатымыз – сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, иманы берік, мәдениеті мығым қоғам тәрбиелеуге шақыру, — деді.

Өз кезегінде Алматы облысының дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов «Сыбайлас жемқорлықсыз өнегелі ұрпақты қалыптастырудағы руханияттың рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ол:

«Дін – адамдар дүниетанымы мен эстетикалық талғамын қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейіріммен қарауға, бейбіт өмірді қаматасыз етуге, татулық пен тыныштыққа қызмет етіп қана қоймай, адамның жан дүниесін иман нұрымен нұрландырып, көркем мінез бен сабырды серік етуге жетелейтін бірден-бір ілім», — дей келе, қоғамның ең басты байлығы – адам болғандықтан, адамға тура жол көрсетіп, ақ пен қараны ажыратуда, жемқорлықты індет, залал ретінде көрсетуде діннің рөлі ерекше екендігіне тоқталды.

Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Талдықорған қалалық «Жетісу» мешітінің бас имамы Мұхаммед Ордыбай, Астана және Алматы Епархиясының Талдықорған қаласындағы Иоанна-Богословский соборының иерейі Александр Матлашов, Талдықорған қаласындағы Әулие Мәрия рим-католик шіркеуінің өкілі Змуд Давид, Евангел-лютеран қауымдастығының жетекшісі Александр Искаков және Алматы облысы бойынша Арнайы мониторингтік тобының мүшесі Баниямин Файзуллин сөз сөйлеп, аталған тақырыпқа орай өз ойларын ортаға салды. Дінге деген көзқарас әртүрлі болғанымен, бейбіт өмір, жарқын болашақ, жемқорлықсыз қоғам үшін күресте жиналғандардың ойы бір жерден шықты.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы ретінде алдағы уақытта апта сайын сыбайлас жемқорлықты тұрақты қабылдамауды қалыптастыру бойынша діни рәсімдер және уағыздау кезінде рухани мектеп оқытушыларына (медресе, семинарий, т.б.) оқитын тұлғалардың діни тәрбие үрдісі шеңберінде ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу ортақ шешім болып қабылданды.

Айта кетейік, бүгінде Алматы облысында діни бірлестік пен филиалдарын жалпы саны 619-ды құрайды. Оның ішінде 453 ислам мешіті, 52 православ, 11 Рим-Католик, 101 протестанттық және дәстүрлі емес 2 діни бірлестік бар. Облыс көлемінде мешіттерде барлығы 556 имам, христиандық және дәстүрлі емес діни бағыттарында 305 діни қызметкер жұмыс істеуде. Осы қызметшілердің 207-сі жоғары білімді, 114 – орта білімді, 436 – арнайы курстардан өтсе, 104 имам медресе бітірген.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK