Талдықорғанда мектеп оқушыларының қатысуымен «Мақал – сөздің мәйегі» атты қалалық байқау өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Қала әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған сайысқа 15 пен 17 жас аралығындағы оқушылар қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді дамыта отырып, сөз мәйегі болып табылатын мақал-мәтелдер арқылы жастардың ой-өрісін дамыту.

Байқаудың алғашқы айналымында қатысушылар өздері таңдап алған тақырып төңірегінде мақал-мәтелдерді айтып сынға түсті. Одан кейін мәтелдегі жасырын сөзді тауып жарысса, үшінші айналымда сөзден мақал құрау арқылы кім жүйрікті анықтады. Сондай-ақ, белгілі бір мақалды жалғастыру және тұрақты сөз тіркестерінің балама мағынасын табу бойынша да ұпай сандарын толықтырды.

Жарыс қорытындысы бойынша №9 орта мектептің оқушысы Аружан Қадыр тапқырлығымен көзге түсіп, байқаудың бас жүлдесін ұтып алды. Ал, №28 ІТ мектебінен келген Диас Ыдырысұлы екінші орын алса, №18 орта мектеп-лицейінің намысын қорғаған Алмат Бейсенұлы үздік үштіктен көрінді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттермен марапатталды.

Енді аталмыш байқауда топ жарған оқушылар мамыр айында өтетін облыстық байқауда бақтарын сынайды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK