Талдықорғанда «Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың бүгіні мен болашағы», «Бір белдеу-бір жол» стратегиялық жобасы және Қазақстан», «Исламдағы әлеуметтік және саяси өзгерістер» тақырыбында семинар-лекция өтті. Шараны Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған. Онда аймақ жастарына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих ғылымдарының докторы «Қытайтану» кафедрасының профессоры Нұржамал Алдабек, филология ғылымдарының докторы «Таяу шығыс және Оңтүстік Азия»  кафедрасының профессоры Гүлнар Надирова арнайы дәріс берді.

БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Нұржамал Әбдіразаққызы:  « Бүгінгі  лекция  Қазақстан мен Қытай байланыстары, исламдағы әлеуметтік және саяси өзгерістер туралы.  Себебі, Қазақстан мен Қытай әр салада ынтымақтастық пен жан-жақты қарым-қатынастағы  нығайтуды көздеген көрші ел. Оған  кейбір күштер көлеңке түсіріп өзіне ұпай жинағысы келеді.  Оның үстіне қоғамда қазір синофобияның қаупі деген үлкен үрдіс жүріп жатыр. Ал, синофобия — діні, салт-дәстүрі, ұлты бөлек жандардан қорқу, оларды жек көру деген мағынада. Нақтырақ айтқанда, бүгінгі Қытайдың Шынжаң өлкесінде болып жатқан саяси жағдайлар бүкіл әлемді және көптеген бауыр қандастарымыз тұрып жатқан соң бізді де алаңдатып отыр. Осыған  байланысты біз жастарға, жалпы халыққа бұл мәселенің жақсы да, жаман да жақтарының  бар екенін анық түсіндіруіміз қажет. Енді мәселенің жағымды-жағымсыз жақтарына  кеңірек тоқталсақ, Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасы дамудың биік бір деңгейіне апарады деп сыңар жақтылы көзқараспен қарауға болмайды. Еуропалық бір саясаткер «Мемлекеттердің еш уақытта достары болмайды, мүдделері болады» деген болатын. Сол сияқты, әр мемлекет өз мүддесі тұрғысынан әрекет етеді. Әрі оны қорғауы тиіс. Сондықтан, көрші елдегі отандастарымыздың жәбір көруі, зардап шегуі біздің жүрегімізді ауыртады және оған көңіл бөлмей тұра алмаймыз. Ал, синофобияның екінші жағына келсек, екі елдің арасындағы байланысты үзгісі келетін кейбір күштер бар. Оған жол беретін болсақ, біздің мүддемізге қайшы келеді. Сол үшін біздің еліміздің де  даму жолында алдына қойған  өз мақсаттарына  сәйкес мәселеге жан-жақты қарауымыз қажет» – деп атап айтты.

Жалпы, дәріс беруде елімізде саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтардың жат пиғылды діни ағымдарға бет бұруына, әлемдік жаһандану үдерісі мен шиеленісу процестерінің артуына жол бермеу. Сондай-ақ,  террорлық әрекеттердің алдын алу  және халықаралық қатынастарды үйлесімді ету сынды маңызды мәселелер қамтылды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK