Жастарға артылар сенім мол

247
Дереккөз

Қазіргі таңда өңіріміздегі 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 408 218 адамды құрайды, оның ішінде 88 950-і қалалық жерде, 319 268-і ауылда тұрады. Ағымдағы жылдың Жастар жылы деп жарияланғаны баршамызға мәлім. Осы орайда жастармен тікелей жұмыс жасайтын Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма қандай шаралар атқармақ? Бұл жөнінде аталмыш басқарма басшысы Жомарт Қаратас кеңінен тарқатып берді.

Дереккөз

                                                Мүмкіндіктер жылы

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз» — деп атап өтті. 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауынан — бізге үлкен сенім артып отырғанын байқауымызға болады. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жастар жылының ашылу салтанатында «Биылғы жылдың Жастар жылы аталуының тарихи мәні зор. Бұл Елбасының тікелей жастарды қолдауға, жастарды жаңа дәуірдің жаршысы, мемлекетіміздің болашағы ретінде негізгі қозғаушы күші екендігін жан-жақты жете түсінуінің нәтижесі деу керек. Жастардың еркін ойы, жалын жігері, батыл бастамалары – мемлекетіміз үшін аса қажет. Жалпы бүгінгі жастардың білімге, еңбекке деген құштарлығы, шет тілдерін меңгеруге, инновацияны үйренуге, жаңа жобалар әзірлеуге деген талпыныстары мені қуантады»-деген болатын. Ағымдағы жыл бізге үлкен мүмкіндік сыйлайды әрі жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі күні Тәуелсіз Қазақстан жастарының толыққанды білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсібін ашуына, өз мүмкіндіктерін толық пайдалануына барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда облыста мемлекеттік жастар саясаты саласындағы өзекті мәселелерді шешу барысында тиісті жұмыстар атқарылуда. Бір ғана емес, бірнеше бағытты қамтимыз. Атап айтар болсам білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қолжетімді баспана, кәсіпкерлік қызметті дамыту және қаржылық сауаттылықты арттыру, жас отбасыларды қолдау, патриоттық сезімді нығайту, талантты жастарды шыңдау, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, жастар ҮЕҰ дамыту, мемлекеттік жастар саясатын насихаттау. Ағымдағы жылы жастар ісі жөніндегі комитет белсенділерінің «Summer camp-2019» жазғы лагерін, «StudFest» студент жастардың шығармашылық фестивалін, «J3» жастар форумын, дәстүрлі түрде өтер «Көшбасшы» жастар сыйлығын, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында «Жетісу — Жібек жолының бастауы» атты жастар экспедициясын, республикалық көшпелі тарихи-өлкетану конференциясын, «Жетісудың жеті қыры» фестивалін өткізу жоспарлануда. Саны көп акциядан гөрі,  жастарға пайдасы мол  іске көшсек деп отырмыз. Осы жылы жастарды ақпараттандыру, оқытуға көп көңіл бөлмекшіміз.

2018 жылы «Бақыт» жас отбасыларды қолдау клубы ашылды. Былтырғы жылы 9839 жас отбасын құрса, 2222-сі ажырасқан.  Жастар ресурстық ортылықтарында психолог мамандар бар. 142 отбасы арнайы кездесуге келіп, 28 отбасы шешімдерін өзгертті. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.  

Дереккөз

Полиция қызметкерлеріне қолдау көрсетер «Жалын» студенттік жасағы құрылды. Құрамында 13 аудан мен 3 қаланың жоғары және кәсіптік- техникалық білім беру мекемелерінен 300 ерікті бар.

Жас таланттарды анықтау, оларды халыққа таныстыру мақсатында «Zhastar Voice» байқауы өтеді.

Дереккөз

                                                       Жұмыспен қамту

Жұмыспен қамту мәселесіне орай тек облыс орталығында ғана емес аудан-қалаларда, шалғай орналасқан ауылдарда бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырсақ деп отырмыз. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша Жастар құрылыс жасақтарын ашу көзделуде. Құрамына жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінің білімгерлері, жұмыссыз жастар, көп балалы және жағдайы төмен отбасылардың қатарынан 500 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысшылар санын арттырамыз. Амандық Баталовтың тікелей қадағалауымен  әр аудан, қалаларда жастарға қызмет көрсету орталығының ғимараты салынады. Жері белгіленді, құрылыс басқармасы макеттік эскизін жасап аяқтады. Бұл жастардың идеясымен бөлісіп, еш алаңсыз жұмыс жасауына қолайлы орта болмақ. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында  жастар ресурстық орталығына 10 га жер телімі бөлінді. Әр аймақ географиялық қолайлығына қарай жүгері, картоп, қызылша егеді. Түскен қаражатты қажеттіліктеріне жаратады.

                                                   Кәсіпкерлікті дамыту

Кәсіпкерлікті дамыту аясында сәуір айында «Жастар және бизнес» атты ауқымды форум ұйымдастырамыз. Ашық түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, білікті мамандар кәсіптің қыр-сыры, қызметтегі тәжірибелерімен бөліседі.  Осы орайда «Бизнес-инкубатор мектебін» ашсақ деп жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында үздік жобалар қаржыландырылатын болады. Жастарды кәсіпкерлік қызметке тарту, гранттық қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында Алматы облысының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойған болатынбыз.

Дереккөз

                                                    Жастар фестивалі

Өткен жылы Қаратал жағалауында «Jetisy Style»  жастар фестивалі өтті. Облысымыздың әр аймағынан  жиналған 200-ден астам жас белсене қатысып, өнерлерін көрсетті. 25 алаң құрылып, шығармашылық, спорттық, ойын-сауықтық сынды бірнеше бөлімдерге бөлінді. Фотокөрме мен қолөнер шеберлерінің туындыларына қызығушылық танытып, бұйымдарды сатып алғандар саны  біршама болды. Талантты жастар робототехника саласындағы жетістіктерімен бөлісіп, көпшіліктің таңдайын қақтырды. Этноауыл алаңында халқымыздың мұрасынан сыр шертер қазақ үйлер тігіліп, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелді. Жиналған қауым қымыз, шұбат сынды ұлттық сусындардан дәм тату мүмкіндігіне ие болған еді.  Фестиваль барысында 29 жасар Нұрлан Жартыбеков 72 сағат үзіліссіз тоқыма тоқып, Қазақстанның рекордтар кітабына екінші мәрте енді. Көпшіліктің көңілінен шыққан шараны бірқатар өзгерістер енгізіп, тағы да өткіземіз.

                                                  Жетісу еріктілері

Облыс бойынша еріктілер қозғалысын дамыту, олардың беделін арттыру бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы Алматы облысындағы жастардың еріктілер қозғалысын дамыту жобасы жүзеге асырылып, барлық аудан, қалаларда оқыту семинарлары, «Жетісу еріктілері» атты еріктілер слеті өткен болатын. Биылғы жылы да еріктілер жұмысын кеңейту барысында жұмыстар жалғасын табуда. Қазір өңірімізде 793 ерікті белсенді жұмыс атқаруда. Жыл соңына дейін еріктілер қатарын 2000-ға жеткізу, оқыту семинарларын ұйымдастыру, еріктілер кітапшасын шығару, мобильді қосымша жұмыстарын жетілдіру қарастырылуда.

Дереккөз
Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK