дереккөз

Қазіргі кездегі орта білім беру жүйесіндегі IT технологияның рөлін арттыру бағытында  үлкен міндеттер қойылып отыр. Бұл информатика мұғалімдеріне артылған жауапкершілік. Талдықорған қаласындағы  Оқушылар сарайынан   қосымша білім беру негізінде балаларды ақпараттық мәдениетке, ойлаудың  IT технологияларына бағыттайтын үйірме ашылып жұмыс жасауда. 

Аталмыш балалар үйірмесінің жетекшісі, қосымша білім беру педагогы Сыдықова Айгүл Жұмашқызынан жаңа технологияға негізделген үйірме  ерекшелігі турасында сұрап білген едік.

Осыдан екі жыл бұрын бұл үйірме ашылды. Қазіргі білім беру жүйесін ақпараттандыру жағдайында оқушылардың қабілетін қалыптастыру, арттыру, олардың логикалық, танымдық және алгоритмдік ойлау қабілетін дамыту, компьютерде ақпарат көздерімен  жұмыс жасауға баулу, бағдарлама тілін дұрыс қабылдауға үйрету- басты мақсатымыз. Бұл ретте, балалардың жаңа технологияларды үйренуге деген құлшынысы қуантады.  Тегін үйірмеге қатысуға ниет білдірген  90 жеткіншек Талдықорған қаласы мектептерінен ғана емес, жақын маңдағы Балпық би кентінен келіп жүргендер бар.

Менің өз  мамандығым информатика болғандықтан да, балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Үйірмеде IT технология пәнін оқытуда оқу-әдістемелік кешені мен программалық құралдары жасақталды. Ғылымға негізделген ақпарат ұғымын түсіндіріп, оқушылардың теориялық, шығармашылық қабілетін арттыру бағытындағы жұмыстар қолға алынған,-дейді  үйірме жетекшісі Айгүл  Жұмашқызы.

 «НҰР ОТАН» партиясы төрағасының   бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың  облыс орталығы Талдықорғанға  іссапары кезінде Оқушылар сарайындағы  IT үйірмесі ашылған болатын. «Балаларға арналған тегін IT үйірме ашылып отыр. Мақсаты- оқушылардың жаңа технологияға қызығушылығын арттыру және жазғы демалыстарын тиімді өткізу. Олар еуропалық білім беру стандарты негізінде, факультативті пән ретінде білім алатын болады.  «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясы балаларға арнап IT сыныптар мен орталықтар ашу, мамандар даярлау ісін қолға алынып отыр. Бұл жоба аясында 2018-2020 жылдар аралығында  елімізде 450 мың баланы оқыту көзделіп отыр. Осылайша цифрлық сауаттылықты  арттырып қана қоймай, олардың әлемдік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасалып отыр»,-деп атап көрсеткен болатын  партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

 Ұстаз-жетекшісінің пікірінше, қазіргі таңда әлемде технологиялық өзгерістер  болып жатыр. Жаңа ақпараттың қарқынды ағыны, технологиялық инновациялар мен әдістемелер біздің өміріміздің барлық салаларын өзгертіп жатыр. Осыған байланысты, оқушылардың  қызығушылықтары да өзгеріп, олар осы үйірмені таңдап келеді. Мектептегі сабақтан шыққан соң асыға жететін көрінеді. Мұның бәрі баланың  бос уақытын тиімді пайдалану, үйірмеге деген қызығушылығын білдірсе керек.

 

 

Үйірме сабақтары компьютерлік технологиялар — интерактивті тақта, ноутбук, мобильді құрылғылар  арқылы оқушылардың жаңа материалды тез түсінуге мүмкіндік береді. Себебі, білім алушылар бұл құрылғылармен  асқан қызығушылық таныта отырып  жұмыс жасайды.

 Үйірмеге  таңдалынып  алған  бағдарлама  STEM center – бұл инновациялық білім беру жүйесі. Авторлық методика негізінен 5-15 жас аралығындағы балаларға арналған. Оның 4 бағыты бар, оған  инженерлік, бағдарламалық, робот техникасы және 3D моделдеу жатады.  Оның мамандары  өздері келіп бағдарлама турасында ең алдымен жетекшілерге түсіндіріп, оқытқан.  Астанадан келген оқыту орталығы директорының орынбасары Залқарбек Мұратәліұлы экспременттік жұмыстар жинағымен таныстырып, мамандарды оқытып, курсты аяқтаған соң  қолдарына сертификат берген.   Айгүл  Сыдықова бағдарламалық курсты аяқтап, қолына   құжат алған маман.

Оқушылар арнайы компьютерлік  бағдарламалау  тілдерінде бағдарлама құрып, компьютерде оның нәтижесін көре алады. Мысалы, бағдарлы программа арқылы  күнделікті өмірге қажетті қосымшалар жасауға болады. Бұл оқушының логикалық ойлау қабілетімен қоса, психологиялық жағынан өзіне деген сенімділігін арттырады. Себебі, оқушы   пайдалы бағдарламалар жасақтап, нәтижесін бақылап көре алады.  Жетекшісінің  ойын түсініп, оны одан әрі дамытып жатқан балалар ізденіс нәтижесін көрсетіп те үлгерді.  Шәкірттер графикалық дизайнды, 3D қаламсабымен жұмыс жасауды  үйреніп  алған. Ғажайып қаламсаппен  балалар түрлі фигуралар жасайды. Көзілдірік, аң пішіндері, аспап жасауға бейімделген. Олардың жұмыстары байқауларға барып жүлдемен оралған.

Жалпы алғанда, Оқушылар сарайы  «Нұр Отан» партиясының  Алматы облыстық, Талдықорған  қалалық   филиалдарымен тығыз байланыста. Оларда ұйымдастырылған конференцияда, түрлі жиындарда балалар шығармашылығынан көрмелер өткізу дәстүрге айналған. Партияның  20 жылдық мерейтойына орай   қалалық филиалда өткен  салтанатты жиында  балалар шығармашылығынан көрме  ұсынылды.  Шараға  Айгүл Жұмашқызы  жетекшілік жасайтын үйірме шәкірттері ерекше атсалысты.

Болашағын жаңа технологиямен байланыстырған балалар жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Арнайы ойын бағдарламасына сәйкес анимациялық кейіпкерлерді образға енгізіп,  сөйлетіп жатқан үйірме мүшелері де баршылық. Анимациялық ойын балаларға қатты ұнайтын көрінеді. Кім білед, анимация әлемінің мамандары осы балалар арасынан шығар.

Ардана Бибатыр қаламыздағы №20 арнаулы лицейдің оқушысы. Ол Елордада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында бүлдіршіндер мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған « ART Baiterek»  байқауына графикалық дизайнмен қатысып,  2-дәрежелі дипломды иеленді. Ұстазы да марапатқа ие болды.

Ал Артур Масловский, №5 орта мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы. Қабілеті ерекше бала бағдарламалық жобалар жасап, көзге түсіп жүр.  Үйірмеден үйренерім көп деп қояды ол. Конвертерлік бағдарлама бойынша жұмыс жасау үстінде.

 АҚШ-та өткен қашықтық олимпиадасына қатысып халықаралық сертификатты да иеленгендерді  осы үйірмеден табасыз.

Республикалық қашықтық олимпиадасында   Айнар Абай, Алуа Базарбаева, Азиза Қожан,  Інжу Өсербай, Ануар Мұрат , Шыңғыс Бекболат сертификат иеленді..  Ойы ұшқыр, әр бағдарламаны тез меңгеретін балалар болашақта архитектор, журналист, дизайн, суретші мамандықтарын таңдайтындығына ұстаз жетекші кәміл сенеді.  Оқушылар сарайында шығатын  басылымдарды  әрлеуге ден қойып жүргендері де  бар. Педагогтың  бағыттай білген бағдарламалық ойын ұғынып, әрі қарай ұштай білетін балалар қатары көп.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK