Бидай өскен кезінде басындағы дақылы көбейген сайын төмендей береді. Сол секілді адамның да басындағы ақылы, білімі көбейген кезде еңкеюі міндетті табиғаты бойынша. Ол өзгелермен қарым-қатынас жасағанда кішіпейіл, мейірімді, қашанда қоғамға пайдасы тиіп жүруі қажет. Егер ақыл көбейіп, тәрбие қалып қойған болса, онда адамның басы көтеріліп, көкірегі өсе береді. Бұл кезде адамда тәкаппарлық пайда болады екен. Неге? Өйткені, ол жоғары лауазымның иесі, тәрбиеден жұрдай ғой. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі, — деген Әл-Фараби бабамыз. Жастармен кездесу барысында Ардақ Нүсіпханұлы осыған ерекше мән беру керектігін баса айты.

Сәрсенбінің сәтінде ҚР Діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Оразбаевтың «Иман айнасы» атты жастармен кездесуі болды. Жастарға қызмет көрсету орталығында өткен шараны Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған. Мұндағы мақсат – асыл дінімізді халқымыздың салт-санасымен, әдет-ғұрпымен байланыстыра отырып насихаттау, азаматтардың дін жолындағы адасуының алдын алу, осы мәселелерді бүгінгі ұрпақ санасына жеткізіп, оларға дұрыс бағыт беру.

Ардақ Нүсіпханұлының айтуынша, адамға білім екі жолмен келеді. Оның бірі оқумен болса, екіншісі тоқумен, яғни, қателесіп барып өмірден сабақ алу арқылы немесе үлкендердің кеңесіне қатысу арқылы. Өкіл имам әңгіме барысында жастарға мамандықты дұрыс игеру керектігін түсіндірді.

«Біздің жастар көбіне атақ қуу үшін оқи бергенді жақсы көреді. Меніңше, ол дұрыс емес. Университетті тәмамдадың ба, өз салаң бойынша екі, үш жыл қызмет қыл. Одан кейін магистратураңды оқы. Неге? Себебі, сен тәжірбие жинау арқылы әрі қарай нені оқу керектігін білесің. Қай сала тиімді, соны меңгересің. Мүмкін сенің оқып барған білімің қоғамда сұранысы жоқ болуы ықтимал. Сіз барып кітаптың тілімен сөйлейсіз, ал қарапайым адамдар оны түсінбейді ғой. Иә, көп оқығандықтан сіздің сатыңыз жоғары, бірақ төменге түсе білу керек», — деген А.Оразбаев тәжірбиеге көп мән беру қажеттілігіне тоқталды.

Сондай-ақ, Ардақ Нүсіпханұлы ата-анамен дұрыс қатынаста болуды, үлкенге құрмет, кішіге қалай ізет көрсету жағын бірнеше мысалдармен айтып берді. Өз кезегінде қоршаған ортаға күтіммен қарау керектігін де жастардың санасына сіңірді.

«Иманның ең үлкен дәрежесі – Алладан басқа тәңір жоқ екендігін жүрекке бекіту болса, төменгі дәрежесі – жолда жатқан кедергі затты алып тастау. Жүрген жерімізді ластамай, керсінше, жерде жатқан қоқысты жинап, өзгелерге үлгі көрсетуміз керек. Қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп бекер айтпаған ғой. Құдайын танымаған адамнан көп нәрсені күтуге болады. Алланың 99 көркем есімі бар екендігін білеміз. Егер, соның ішіндегі бір ғана «Бақылаушы» деген сипатына адамдар амал қылатын болғанда, жер бетінде тәртіп орнайтын еді», — дейді өкіл имам.

Кездесу соңында Ардақ Оразбаев жастарға уақытты тиімді пайдалану керектігін көтерді. Имамның айтуынша, бүгінде адамдар көп уақытын телефонмен өткізеді. Әлеуметтік желіде біреудің суретіне қарап, жазған постарын талқылап, бас қатырып жататыны ақиқат. Шындап келгенде оның барлығы адам өміріне қажетсіз. Осы жайттарды тілге тиек еткен имам жастарды пайдалы дүниемен айналысуға шақырды.

«Адам үнемі даму үстінде болуы керек. Сіздің бір күніңізбен екінші күніңіз ұқсамауы тиіс. Бір жасаған дүниеңіз кешегіден артығырақ болып тұрса, нұр үстіне нұр болады емес пе..?», — деді А.Оразбаев жастарға қаратып айтқан сөзінде.

Кездесу соңында жастар өкіл имамға түрлі сауалдарын жолдап, рухани азық алып тарқасты.

ҚР Діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Оразбаев:

— Бүгінде біздің қоғамда түссең, қайта шыға алмай кететін түрлі жолдар бар. Тіпті тәлім-тәрбиенің кері кетіп бара жатқан нәрселеріне де куә болып жүрміз. Осындай кездесулерде біз жастардың жүрегіне ұлттық сана сезімін, қазақи болмысын қалыптастырып, оларды жан-жақты тәрбиелеуге тырысудамыз. Егер біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызбен біте қайнасып өмір сүретін болсақ, жастарымыз  ешқашан теріс жолға түсіп, шалыс баспайды деп ойлаймын. Қазір жастармен кездесуде үнемі тәрбие мәселесін көтеріп жүрміз. Шыны керек, технология дамыған заманда адамдар бос нәрселермен шұғылданып, уақыттарын текке өткізуде. Осы орайда, кешегі Абай, Ахмет, Әлихан, Міржақып  сынды тұлғалар қазір неге шықпайды деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені, олар өз заманында көп ойланған. Еліне деген уайымы, жанашырлығы басымырақ болатын. Сол ойшылдығының арқасында олар көпке танылды. Айтқым келгені, жастар ғана емес, жалпы адам баласына көп ойлану керек. Ойлану – адам баласы үшін парыз. Неге біз көп оқығандарды ойшылдар дейміз? Себебі, олар ойланғандықтан ойшылдық дәрежесіне жеткен. Егер адам ойланбайтын болса, қашанда оның көз-қарасы перденің артында ғана қалып қояды. Алла бізге басқа жаратылыстан артық қылып бергені – ой. Оның барлығы ақыл, таңдау дегенге саяды.

Айта кетейік, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен ҚР Діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша өкілдігі арасында екіжақты меморандумға қол қойылған болатын. Соның аясында тұрақты түрде айына бір рет жастармен тәрбие төңірегінде осындай кездесулер өткізіліп келеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK