Талдықорғанда мектеп оқушылары, студенттер және зейнеткерлер қоғамдық көлікпен тегін жүретіні белгілі. Енді көпбалалы аналар да бұл мүмкіндікке ие болып отыр. Атаулы көмекті иелену үшін бар болғаны қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне құжат тапсырып, жол жүру билетін алуы қажет, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Айта кетейік, көпбалалы аналарға қала автобустарымен тегін қатынау 1 сәуірден басталған болатын. Одан бөлек, олардың балаларына жазғы лагерьлерге жолдама беру көзделіп отыр. Ыстық тамақпен, мектеп формасымен қамту мәселесі де басты назарда.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов халық алдында берген есептік кездесуінде көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтқан болатын. Осыған орай бүгінде әлеуметтік карта әзірленіп, көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды қолдауға 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сәйкесінше, осы бағдарлама бойынша жолаушы тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың шығынын жабуға жергілікті бюджеттен 200 млн. теңге бөлінді. Айталық, қазіргі таңда Алматы облысында төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 40 мыңға жуық отбасы бар.

Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, бұл әлеуметтік карта қазірдің өзінде жұмысын бастап кеткен.

«Жуырда өткен мәслихат сессиясында осы жобаны жүзеге асыру бойынша барлық қаражаттар бөлінді. Бірінші кезекте көп балалы аналардың денсаулығын түзету, екінші кезекте, қоғамдық көлікте тегін қатынау, сонымен қатар білім гранттары 50 көп балалы отбасына, 50 тұрмысы төмен отбасының балаларына арналған», — дейді Ғ.Жүкел.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK