Төтенше жағдайлар департаменті
Суретті түсірген Данияр Сағындықов

Жылдың қай мезгілінде  болмасын табиғат өзінің тосын сыйын жасайтыны бар, оған  адамдардың өз мүлкіне салғырт қарауын қоссаңыз,  төтенше жағдайлар  көбейе түседі. Мәселен, қыс айларында боран, өрт оқиғалары жиі тіркелетін болса, көктем шыға қар суының еруінен болатын су тасқыны жиі орны алып жатады. Ал жазда дала өрті, суға түсу кезіндегі қайғылы  жағдайлар  көп тіркелуде.  Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Серікқан Тұраров, зілзаланың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Константин Канин  көктемгі және жазғы кезеңдегі су, өрт қауіпсіздігі турасында өңірлік  орталық коммуникациялар қызметі алаңына келіп хабардар етті.

Суға түсу кезіндегі сақтық ережелері, жазатайым оқиғалар турасында баяндаған сала мамандары   Алакөл, Балқаш көлдері мен Қапшағай су қоймасы тәрізді өзен-көлдерге шомылу кезінде қауіпсіздік шараларды азаматтардың ескере бермейтіндігіне назар аударды.

«Судағы төтенше жағдайлар, көбінесе,  біздің қызметтің  құтқарушылары  бақыламайтын жерлерде  орын алады.  Облыс тұрғындары күн жылынса  табиғат аясында демалып, шомылғанды жөн санайды. Алайда,  қауіпсіздік ережелерін білмеуі, сақтамауы, жүзе алмау, балаларды үлкендердің  бақылаусыз қалдыруы – қайғылы жағдайларға  себеп болады»-дейді С.Тұраров.

Константин Канин құрғақ шөпті беталды жағу, орман өрттерінің туындау себептеріне тоқталды. «Облыс аумағында 5,3 млн. гектраы мемлекеттік орман қорының жерлері болса, оның 4,1 млн гектары жергілікті атқарушы органдарына қарасты. Оның үстіне мемлекеттік ұлттық табиғи паркке, орман алқаптарына тиесілі жерлер бар.  Табиғат аясына демалыс кезінде азаматтардың табиғатқа жанашырлық танытып, от жаққанда сақ болуға шақырамыз.Қоқысты лақтырып  айналаны ластамауды, қауіпсіздікті сақтау керектігін ескертеміз»,-деді.

Брифинг барысында  Алматы облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Қайсар Мұхметов  жаз айында азаматтардың суға шомылуы кезінде бассейінде, көл мен өзен бойларындағы қауіпсіздік шараларын  қатаң сақтау керектігі  турасында  баяндады.   Өткен жылы белгіленбеген жерде суға түскен, басқа да заңдылықтарды бұзған  150 адамға «ҚР Әкімшілік –құқық туралы» Кодекске сәйкес айыппұл салынып, жазаға тартылған. Оның ішінде 30 адамның  мас күйінде суға түскендігі  анықталған.  Күн жылынса, Қапшағай, Алакөл, Балқаш көлдерінде демалушылар саны   арта түседі. Сондықтан да ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауға, жеке заттарына  өздері жауапты екендігін ескертеміз. Жалпы қауіпсіздікке қатысты тұрғындар арасында насихат жұмыстары  дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді. Бұл іске  мектеп инспекторлары да тартылатын болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK