Талдықорғанда көктемгі ағаш отырғызу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда облыс орталығына 300-ден астам жас көшет егілген, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Бүгін жұмысшылар «Жастар» спорт сарайының маңына, 3-ші бөлімшеге, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында орналасқан Ескелді, Балпық, Қабылиса жырау ескерткішінің айналасына және әуежайға баратын жолдың бойына қылқанжапырақты ағаштарды отырғызды. Бұл жұмыстар сәуірдің 20 дейін жалғаспақ.

«Қала әкімінің тапсырмасы бойынша Талдықорғанға 500 қылқанжапырақты, 2500 жапырақты ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Көшеттерді Алматының төңірегінде орналасқан тәлімбақтардан (питомник) әкелдік. Себебі ол жақтың ауа-райы қаламыздікіне ұқсас болып келеді», — дейді Көркем-Талдықорған мекемесінің басшысы Қанат Азаматов.

Сондай-ақ, Қанат Еркінбайұлы күннің жылынуына байланысты сәуір айының ортасынан бастап, Талдықорғанда гүл отырғызу жұмыстары да басталатынын атап өтті. Облыс орталығындағы тәлімбақтар бүкіл қаланы қамтуға мүмкіндігі болмағандықтан гүлдер де жақын жерде орналасқан питомниктерден алынбақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK