Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Жетісу жеріне келді. Оны Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылындағы жерлестері үлкен сый-құрметпен қарсы алды. Сапар барысында Елбасы Қарасай аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысымен танысып, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының алдында тұрғындармен кездесті,  — деп хабарлайды ЖЕТІСУ-АҚПАРАТҚА сілтеме жасаған taldykorgan-online.kz

Елбасы Қарасай ауданына жасаған сапарында өзінің Шамалғаннан түлеп ұшқан сәтін есіне түсірді.

— 1958 жылы осы Шамалғаннан шетке кетіп, 20 жылдан соң Алматыға қайтып келдім. Кішкентайымнан осы жерде өстім. Ата-бабамыз Қаратаудың баурайында, ағайын-туған, құда-жекжат барлығы осы Шамалғанда. Жастар әлі біле бермейді. Ауылыңа келгенде жастық шақ еске түседі. Мемлекетті аяғынан нық тұрғызу үшін қанша қиын-қыстау уақыттардан өттім. Тауда, сай-сайларда әкеммен жүргенім еске түскен кезде барлық шаршағаным ұмытылғандай болады. Сондықтан, адамның кіндік кескен жері ыстық. Адам туған жерін сүю арқылы патриот болады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, сыныптастарымен, ауылдастарымен кездесіп, ауылдың өсіп-өркендеуі жайлы сыр шертісті. Жасы сексеннен асқан Құлахмет Шәріпов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бала кезде қандай болғаны туралы айтты. «1944 жылы біз осы ауылға көшіп келдік. Бір қарт кісімен бірге тұрдық. Мектепке Елбасымен бірге оқып, бірге ойнадық. Шамалған өзенінде мұз қатқанда конькимен сырғанақ теуіп, асық ойнайтынбыз. Ауылдағы ақсақалдарымыз ылғи Нұрсұлтанды көргенде оның үлкен азамат болатынын болжайтын. Шынымен де солай болды. Біз оны мақтан тұтамыз. Менің жасым 82-де, зейнетақым бар алып жатқан. Балаларым жұмыс істеп, өсіп келе жатыр»,- деді жерлесі.

Шамалған ауылында халықпен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін көмек туралы әңгіме өрбітті.

— Көпбалалы аналарға, тұрмысы нашар адамдарға көмек жасалып жатыр. Ең төменгі жалақы жыл басынан 1,5 есе көбейтіледі. 1 сәуірден бастап көпбалалы аналарға, әр балаға, табысы төмендерге көмек беріліп жатыр. Бірақ мемлекеттен бере бер деп отырмай, жұмыс істеу керек. Қай қазақ баланы туғызып, көршісіне асыра деп берген? Еркек адамның баланы туғыздым, өзім асыраймын, жеткіземін деген намысы болуы керек. Дүниежүзінде солай. Бала-шағасын асырау адамның өз басындағы міндеті. Бізді аналарымыз солай асырады. Біз де солай өскен адамбыз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

— Қазақстанның болашағы зор. Елімізде жастардың оқуына, тіл үйренуіне толық жағдай жасалып жатыр. Болашағымыз білім мен ғылымда. Сіздер ауылдың адамдарысыздар. Ауыл үшін талай бағдарлама жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Ауыл тұрғындарына шағын несиелер ұсынылып, жұмыс істеймін дегендерге, мамандығы жоқтарға заманға сай мамандық игеруге мүмкіндік берілген. Қазір мәселе жұмыссыздықта емес, мамандықты дұрыс игермеуде жатыр. Мамандығы бар адам жұмысты кез келген жерден таба алады, — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Бұдан бөлек, Тұңғыш Президент қазіргі күні мемлекеттің жағдайы жақсы екенін, индустриялық, ауыл шаруашылығы салалары дамып жатқанын атап өтті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK