Алматы облысында МИ-8 әскери тікұшақ апатынан қаза тапқан азаматтарды ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиын өтті. Еске сала кетейік, 27-наурыз күні «Алтын жебе»  әскери оқу-жаттығу шарасына қатысу үшін аспанға көтерілген тікұшақ Қызылорда облысының аумағына құлап, 13 әскери қызметші көз жұмған болатын. Қаза болғандардың 8-і Жетісу жерінен болса, оның 3-і Талдықорған қаласынан.

Бұдан бұрын еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев және бас мүфти Серікбай қажының қатысуымен талдықорғандық ефрейтор Айдын Абдилдинов пен Мирас Жұматаевтың денесі жер қойнына тапсырылған еді. Ендігі табытпен оралған төрт сарбаздың екеуінің жанұясы Алакөлде, біреуінікі Кербұлақта, тағы біреуінің отбасы Талдықорған қаласында тұрады. Облыс орталығында өткен аза тұтуда жетісулықтар жерлесі, кіші сержант Асхат Абдулманатпен мәңгілікке қоштасты.

Асхат Төлеутайұлы 1982 жылы 21 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Ақтоғай ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Талдықорғаннан әскер қатарына шақырылып, кейін келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастырған. 2019 жылдың қаңтар айында Ақтау қаласындағы № 30153 әскери бөлімге ауысып, міндетін өтеуге барған. Аталмыш әскери бөлімнің аға механигі.

Қазір Асхаттың артында анасы, жары, 4 баласы қалды. Балаларының үлкені 13-те,  кішісі 3 жаста. Асхат Ақтауға ауысып барғалы 4 айға жуықтады. Пәтер жалдап тұратын жанұясын көшіріп әкетуге қам жасап жүргенде өзі өмірден озды. Енді баспанасыз, асыраушысынан айырылған отбасына жан-жақты көмек керек, — дейді марқұмның ағасы Кәкен Баймурзин.

Асхатты ақтық сапарға аттандыру жиынында сөз алған ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары М.Мәйкеев:

«Бұл бір орны толмас қайғылы оқиға болды. Жалпы, біз үшін тікұшақ апатынан қаза болған 13 азаматтың әрбірінің орны бөлек. Олар өздерінің азаматтық борышын өтеу жолында көз жұмды. Сондай-ақ, бұл азаматтар өз міндеттерін адал, әрі ойдағыдай атқару жолында шейт болды. Осы орайда мен марқұм болған сарбаздардың туған-туыс, ет жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Азаматтарымыздың жаны жаннатта, топырағы торқа болсын!» -деді.

Осыдан соң Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев, қара жамылған отбасына материалдық және басқа да  тиісті көмектер көрсетілетінін жеткізді.

Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Жанар Әміржанова:

«Бүгін Алматы облысында тікұшақ апатынан көз жұмған 8 сарбаздың төртеуін жерлеу расімі өтуде. Бұған дейін 4-уі жерленген еді. Қазір апаттың салдары туралы қорытынды шешім айтуға әлі ертерек. Себебі, тікұшақтың қара жәшігі табылып, апат нақты неден болғаны жайында мемлекеттік комиссия анықтау үстінде. Ал, қаза болған әскерилерге қорғаныс министрлігі тарапынан 5 жылдық еңбекақы көлемінде өтемақы төленеді. Сонымен бірге олардың барлық жерлеу шығындарын және әр отбасы мүшелерінің тұрғын үй төлемдерін өтеуге қаражат бөлініп, қызметтік үйлерін өтемақысыз жекешелендіруге мүмкіндік беріледі» — деп атап айтты.

Жалпы тікұшақ атапынан қаза тапқан жетісулық 8 сарбаздың толық аты-жөні мынадай:

Майор Тимур Құдайбердиев, Ақтау қаласындағы № 30153 әскери бөлімге 2004 жылы Еңбекшіқазақ ауданынан шақырылған.  Екі баланың әкесі. Марқұмның отбасы Талғар ауданының Кеңдала ауылында тұрады. .

Сержант Қайрат Нұрсапанов, 1993 жылы Алакөл ауданынан әскерге шақырылған. Үйленген, 2 баланың әкесі.

Аға сержант Мұрат Шәріпов, әскер қатарына 1997 жылы Алакөл ауданынан шақырылған. Марқұмның артында  4 баласы қалды.

Кіші сержант Асхат Абдулманат, әскерге 2010 жылы Талдықорған қаласынан аттанып, Ақтау қаласында борышын өтеп жүрді. Отбасында 4 баланың әкесі еді.

Ефрейтор Мирас Жұматаев,  Мирас Алмасович, 2011 жылы Талдықорған қаласынан әскерге шақырылып, Ақтаудағы №30153 әскери бөлімде қызмет етті. Үйленбеген.

Ефрейтор Қуаныш МейрамғалиұлыСарқытбаев, Кербұлақ ауданының тумасы, 2007 жылдан бері Ақтаудағы №30153 әскери бөлімде қызмет етіп келді. Марқұмның артында 2 баласы қалды.

Ефрейтор Айдын Абдилдинов, Талдықорған қаласында туып-өскен, 1999 жылдан бері әскери қызметкер болған.  2 баланың әкесі.

Лейтенант Аслан Айтбаев , әскерге Іле ауданынан шақырылған. Үйленбеген.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK