М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейі,
дереккөз

Елдігіміз танылып, атымыз шартарапқа таралып жатқан кезімізде, еліміздің өткенін жаңғырту әр азаматтың қасиетті борышы деп есептеймін. Музей қызметкерлері Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында музей қорындағы жүзге жуық ең құнды  жәдігерлермен таныстыру үшін  Ескелді ауданы, Алдабергенов ауылындағы Жаңалық, Жастар негізгі мектептері және Байысов атындағы орта мектебінде, «Талдықорған жоғары медициналық колледжі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына «Алтын адам — ғасыр тарихы» атты көшпелі көрмесімен саяхат жасап қайтты.

Жетісу өлкесінің тарихына қатысты тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған көрмемізде  еліміздің мақтанышы, елдігіміздің символы, әлемге бізді паш еткен «Алтын Адам» көшірмесінің нұсқасы, алтын жапсырмалар үлгісі және темір дәуірі кезінде пайдаланған ыдыс түрлері қойылған.

Алтын адам Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін баға жетпес мұра. Ұлы даланың жеті қырының бірі. Алайда сақ ханзадасының табылғанына 50 жылға жуық уақыт өтсе де, көпшілік біле бермейтін аңызы мен ақиқаты жетерлік. Алтын адамның ашылу тарихы мен зерттелуі жайлы мәліметтер тыңдаушылардың назарын аударды. Сақ киіміндегі әрбір бөлшектеріне жете тоқталып, сипаттама берілді. Сақтар түсінігінде мәңгіліктің символы ретінде саналатын ескірмейтін, шірімейтін алтын металы, о дүниеге аттанған адамның өмірін мәңгілік ету идеясымен байланыстыратыны туралы,  жер ананы құрмет тұту мақсатында киілетін ұзын қонышты аяқкиімі жайында қызықты мәліметтер айтылды. Сондай-ақ, тіл маманы А.Аманжоловтың нұсқасы бойынша «Аға саған, бұл ошақ, жат адам тізеңді бүк, ұрпағымызда ас-су мол болғай» деген мағынаны білдіретін күміс тостаған мен қасықтың табылуы, сонау сақ дәуірінен бастап сауаттылық пен тамақтану мәдениетімен қатар, қазақ халқының «шаңыраққа» деген үлкен салт-дәстүр құрметі болғандығы  туралы  қызықты мәліметтер айтылды.

Тілін тапса сөйлей жөнелетін, әр кезеңнен сыр шертетін саз ыдыстары туралы мәлімет тыңдаушылардың назарын өзіне қаратты. Қазіргі компьютерлер мен флешкалардың да еске сақтау мишығы, осы отқа өте төзімді келетін саз балшықтан жасалатыны туралы айтылды. Сәт сайын мыңдаған ақпаратты жинақтап, қайта таратуға қабілетті тек қана саз керамикасы екенін бірі білсе, бірі біле бермейді.

Шындығын айтқанда, Адам ата мен Хауа ананың өзі де топырақтан жаралған. Сазда денсаулыққа пайдасы бар 60 пайызға дейін кальций болса, адам ағзасынан барлық зиянды заттарды шығаратын радий элементтері бар екен.

Алтын адам киіміндегі дүниетанымдық рухта, асқан шеберлікпен жасалған тоғалар мен жапсырмалар қазіргі таңда мемлекеттік рәміздеріміздің нышандарында қолданылады. Сондықтан Алтын адам еліміз үшін жәй ғана археологиялық олжа болып қана қоймай, Тәуелсіздігіміздің бір бейнесіне айналып отыр десек те артық болмас.

Алтын адамның табылуы түп-тамырымыздың қайдан бастау алғанын және ата-бабаларымыздың рухани материалдық мәдениетінің озық үлгісін айқындап, қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен өркениеттің ертеден қалыптасқанының үлкен дәлелі. Бұл біздің тарихымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсациялық жаңалық болып табылады.

Міне, осындай  маңызы бар жәдігерлер арқылы музейге келушілер саны артты. Ұлттық рухани қазынамызға жас жеткіншектердің назарын аудартатын сырға толы саяхат кешін алдағы уақытта да ұйымдастырамыз деген  ойдамыз.

                                                                                                Жазира Тауетова,

                                                                                           М.Тынышпаев атындағы

                                                                                        тарихи-өлкетану музейінің

                                                                                                     бөлім меңгерушісі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK