Бүгінде онкологиялық ауруға шалдығушылардың саны артуда. Ал, тұрғындар алдын-ала дәрігерлік тексеруден өтпейді. Олар сырқаты әбден асқынып ауру 3-4 сатысына жеткенде ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Өйткені, онкологиялық диспансерде жиі өткізіліп тұратын ашық есік күні келіп, скрининг тапсырушылар саны тым аз дейді дәрігерлер.

 Алматы аймақтық онкологиялық диспансерде колоректалды тоқішек обырын анықтау бойынша ашық есік күні өтті. Арнайы ұйымдастырылған акцияда диспансердің жетекші-мамандары келушілерге аурудың алдын алу шаралары мен қажетті емдеу туралы кеңес берді. Ақ халаттылардың айтуынша,  бұл шараға небәрі 47 адам ғана келіп скрининг тест тапсырған. Олардың арасында 4 адамнан онкологиялық дерттің белгісі табылса, 33-інен өзге де ауру түрлері анықталған. Қазір онкологиялық аурулардың ішінде әйелдер арасында жатыр мойны обырының қатерлі ісігі белең алып барады. Дерттің асқынуына әйелдердің дер кезінде скрининг тесттен өтпеуі себеп.  Егер бойынан  іштің тұрақты ауруы, іш қату, іш өту, диарея, нәжістегі қан немесе шырыш, ішектің толық босатылу сезімі, дефекация кезіндегі ауырсыну, тік ішектен қан кету, нәжістегі қара қан іздері, үлкен дәреттің деформациясы, жайсыздық немесе іштің кебуі, шаршау, тәбеттің жоғалуы, салмақ түсуі, жамбас бөлігінен ауырсыну сынды бегілер байқалса және 50 жастан асқан болса міндетті түрде онкологтардың тексеруінен өтуі қажет.

Нақты мәліметтерге жүгінсек, өткен жылы  аталған диспансерде 70 мың әйел скрининг тест тапсырған. Олардың 812-сі ресми тіркеуге алынған. Соның 38 пайызы ғана аурудың алғашқы кезеңінде дәрігерлерге қаралса, уақытын өткізіп алған 63 әйел көз жұмған. Қазір жалпы Алматы облысы бойынша жатыр мойны обырының қатерлі ісігіне шалдыққан 1332 әйел тіркеуде.

Аймақтық онкологиялық диспансердің директоры Саяхат Олжаев:  «Скрининг тест қатерлі ісіктің және өзге де гинекологиялық аурулардың алдын алуға мол мүмкіндік береді. Шалғай ауылдарда тұратын әйелдердің басым көпшілігі дер кезінде тексерістен өтпейді.  Егер бастапқы кезеңде ауру анықталған жағдайда науқас толық жазылып кетеді.  Сонымен қатар, қазіргі кезде 11-12 жас аралығындағы жасөсіпірім қыздардың ерікті түрде ақылы вакцина салдыруына да мүкіндік бар. Әйел организмінде 100-ден астам папилома вирусы болады. Соның 14 түрі жатыр мойны ісігіне алып келеді. Ал, вакцина қойдыру сырқаттың алдын алады. Бастысы «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Мұндай тексеру шарасына тұрғындардың өздері мүдделі болып атсалысуы керек»   — деді.

Мамандардың сөзінше, онкологиялық ауруға шалдыққан адамдар санының артуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, аудан орталықтарынан шалғай жерде тұратын адамдар әлеуметтік жағдайының төмендігінен үлкен қалаларға келіп уақытында дәрігерден кеңес алуға мүмкіндіктері жоқ. Екіншіден, онкологиялық ауру адам ағзасында бірден сыр бермейтіндіктен алдын алу үшін арнайы скрининг тестерден өте бермейді. Сондықтан, әр адам дер кезінде дәрігерге қараласа, қатерлі дерттен көп қауіп жоқ. 2008 жылы қабылданған ұлттық бағдарлама негізінде 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер төрт жылда бір рет тексеріліп тұруы тиіс.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK