Бүгін Жетісу жұртшылығы Айдын Абдилдинов пен Мирас Жұматаевты ақтық сапарға шығарып салды. 27-наурызда Қызылорда облысында МИ-8 әскери тікұшағы апатқа ұшыраған болатын. Борттағы 13 адам түгел қаза болған. Оның 8-і Алматы облысының азаматтары.

Талдықорғанның орталық алаңына жиналған марқұмдардың туған-туыс, дос-жарандарына ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев көңіл айтып, бекем болуға шақырды. «Айдын мен Мирас болашағынан үлкен үміт күттіретін әскери қызметкерлер еді. Олар ақтық демі қалғанша Отанға адал болудың үлгісін көрсетті. Батырларымызды мәңгі ұмытпау мақсатында мемориал орнату жоспарда бар. Одан бөлек, сарбаздардың отбасына министрлік тарапынан жан-жақты қолдау болады. Балаларын оқыту, өзге де әлеуметтік мәселелерін шешу тұрғысынан үнемі жәрдемдесеміз» деп атап өтті министр.

Қаза болған сарбаздардың отбасына Алматы облысы әкімдігі тарапынан да рухани және материалдық көмек көрсетіледі. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, әр жанұяға 1 млн теңгеден беріледі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK