Ұлтымыздың ұлық мерекесі Наурыз Талдықорған қаласына қарасты Мойнақ ауылында айрықша сән-салтанатпен аталып өтілді. Ауылдық Мәдениет үйінің басшысы Гүлмира Изатованың ұйтқы болуымен қолға алынған игі бастамаға кәсіпкер Жамбота Саяси демеушілік жасап,  ауыл тұрғындары қолдау көрсеткен.

Жиналған қауым алдында сөз алған Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты, Өтенай ауылдық мәдениет үйінің директоры Бақыт Түстікбаев: «Әз наурыз мейрамы ұлтымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл мерекесі. Берекенің бастауы. Оны жыл сайын дәстүрлі түрде атап өту қалыптасқан үрдіс. Мереке адамдарды береке-бірлікке ізгі имандылыққа шақырады. Ұмыт болған салт-дәстүрді жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі өнеге сыйлайды. Бұл күнгі тілеген әрбір ізгі тілектер орындалады дейді ғой. Сондықтан еліміз аман, жеріміз тыныш, ұлыс оң, ақ мол болсын!» –деді

\

Шара барасында ауыл жастары ұлттық ойын түрлерінен өзара сынға түсіп, кіл мықтыларды анықтады. Онда жастар  қол күресі, қазақ күресі, гір көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ сынды спорттың бірнеше түрінен сайысып, топ жарғандар бағалы сыйлықтарға ие болды. Сонымен бірге, өңір өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мың бұралған биімен мереке мерейін асырып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK