әскери бөлім командирінің орынбасары
фото Айдын Нұршанов

27 наурыз күні Қызылорда облысының Жалағаш ауданында   Қорғаныс министрлігінің тікұшағы апатқа ұшырады.  Тікұшақ әскери жаттығу кезінде Ақтау-Шымкент бағытында ұшқан. Өкінішке қарай,  экипаждың 13 мүшесі қаза тапты.  Осы жағдайға байланысты  өңірлік коммунициялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында  тікұшақ апатынан қаза болғандардың 8-і Алматы облысының тумасы  екендігі белгілі болды. Ақтаудағы 30153 әскери бөліміне  әр жылдары шақырылып, әскери міндетін атқарған азаматтар.

Жерлестеріміздің тізімі:

-майор Құдайбердиев Тимур Әділқанұлы, Талғар ауданы;

-3 дәрежелі сержант Нұрсапанов Қайрат Аубакирұлы, Алакөл ауданы;

-аға сержант Шарипов Мұрат Разбекұлы, Алакөл ауданы;

-кіші сержант Абдулманат Асхат Төкенұлы, Талдықорған қаласы;

-ефрейтор Жұматаев Мирас Алмасұлы, Талдықорған қаласы;

-ефрейтор Сарқытбаев Қуаныш Мейрамғалиұлы, Кербұлақ ауданы;

-ефрейтор  Абдилдинов Айдын Төлендіұлы, Талдықорған қаласы;

-лейтенант Айтбаев Аслан Болашақұлы, Іле ауданының тумалары.

Қаза тапқандардың арасында Мирас Жұматаевтан басқаларының артында отбасы қалды. Әрқайсысының  екі, үш, төрт баласы бар еді.

Баспасөз мәслихаты барысында 21151 әскери бөлімі командирінің орынбасары Бекболат Жұмабаев Қорғаныс министрлігінің арнайы хабарламасымен таныстырды.

« 27 наурызда    Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, аталмыш тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында жүргізілген. Оқиға орнында  Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы жұмыс жасап жатыр.Әуе апатының себебі мен мән-жайын анықтау бағытындағы жұмыс қолға алынды.

Қорғаныс министрлігі  қаза тапқан әскерилердің жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Олар Отан алдындағы міндеттерін адал атқарды. Еліміздің барлық Қарулы күштердің бөлімшелерінде қаза тапқандардың рухына арнап азалы митинг өткізілді. Қорғаныс министрлігі қаза болған азаматтардың отбасына материалдық көмек көрсетеді. Қолданыстағы заң аясында жалақы көлемінде  бес жыл бойына  бір реттік төлемақы  беріліп тұрады.  Қызметтік баспананы жекешелендіру   немесе  үй сатып алуға қаржы бөлу  жағы қарастырылуда».

Өз сөз кезегінде   облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімдігі  әскерилердің  Отан алдындағы міндетін атқару кезінде  қаза болғандығын туралы хабарды қабырғалары қайыса қабылдапты.  Қаза тапқан азаматтардың туған-туыс, отбасыларының  қайғысына ортақтасып  көңіл айтты. Жерлеу рәсіміне орай барлық шаралар жергілікті атқарушы орган, аудан мен қала әкімдеріне тапсырылғандығын жеткізді.

Күні кеше Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев өз орынбасарлары, қалалық мәслихат депутаттары, ақсақалдар, облыстық және қалалық  қорғаныс істері жөніндегі департамент, басқарма басшылары, Талдықорған әскери гарнизоны әскери бөлім командирлерімен бірге   қаза тапқан әскерилер Асхат Абдулманат, Айдын Абдилдинов, Мирас Жұматаев, Мұрат Шариповтың облыс орталығында тұратын отбастарына барып,  қайғыларына  ортақтасып көңіл айтты.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK