Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы Мұрат Ұрұмханов өңір тұрғындарымен жүздесіп, азыр-шағымдарын тыңдады. Жиналған жұрт алдында сөз алған Мұрат Жәлелұлы, өткен жылы аймақтағы учаскелік полиция инспекторлары тұрғындардың 53 мың 314 өтініші мен арыздарын қабылдады. Осы уақыт ішінде 37 мың құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 6 мыңға жуық қылмыс ашылды, –деп мәлімдеді .

Департамент басшысының айтуынша, бүгінде учаскелік инспекторлар жұмысының ерекшелігін ескере отырып, қызметтерінің тиімділігін арттыру үшін облыс әкімдігі тарапынан барлық жағдай жасалған. Нақтырақ айтқанда соңғы үш жылда 140 жаңа автокөлік беріліп, арнайы бағдарлама шеңберінде 2014 жылдан бастап учаскелік инспекторға үйі қосарлана салынған 220 учаскелік пункт табыс етілген. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында облыс аумағына 968 бейнебақылау камералары орнатылса, оның 871-і облыс орталығында. Осы бейнебақылау жүйелерінің көмегімен осыған дейін 30-дан астам қылмыс ашылып, 4 500 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Биыл тағы да 300 бейнекамера орнату жоспарда. Олар, негізінен, Қарасай, Панфилов аудандары мен Қапшағай қаласына қойылмақ.
Сонымен бірге «Көршілер бақылауы» профилактикалық бағдарламасы шеңберінде өңірде алты мыңнан астам құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық тәртіпті қорғауға «Жалын» студенттер тобы өз үлесін қосуда. Олар аптасына екі рет облыс орталығындағы тәртіп сақшыларымен бірге міндет атқарады. Осының барлығы полиция мамандарының жылдам әрі тиімді жұмыс жасауына өте қолайлы»,- деп атап өтті облыстың бас полицейі.

Осыдан соң жазбаша және ауызша қойылған тұрғындар сауалына кезек берілді. Жүздесуде әркім әр түрлі сауалдарын алға тартты. Дей тұрғанмен азаматтардың басым көпшілігі қазір ауыл-аймақта мал ұрлығының өршіп тұрғанын айтып, және ешбір қылмыстың ашылмайтынын жеткізді. Мәселен, БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қаратал ауданы Қарашеңгел ауылының тұрғыны Дархан Сейілханұлы соңғы 10 жыл ішінде бірнеше сиыр, жылқы және ұсақ малдарының ұрланғанын айтты. Алайда, ұрланған малдарға  тәртіп сақшылары жағынын қылмыстық іс қозғалғанымен істің орта жолдан сотқа жетпей жабылып тынатынына наразы. Оның сөзінше, Қарашеңгел ауылында тұратын 40-қа жуық тұрғыннан малы ұрланбаған адам қалған жоқ. Осы орайда олар қолды болған малдар туралы шағымдарын департамент басшысы Мұрат Ұрұмхановқа жеткізбек. Бұдан еш шешім болмаса жоғары орындарға арыздануға мәжбүрміз дейді ол.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK