Талдықорғандағы Тіл сарайында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты жүргізілген профилактикалық бақылаудың қорытындысы бойынша арнайы жиын өтті. Оған аймақтағы қоғамдық ұйымдардың, халыққа қызмет көрсету орталықтарының сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және ішкі істер департаменттерінің басшылары қатысты. «Жетісу-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен кеңесте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы облысы бойынша филиалының жұмыстары сараланды.

БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Жеңіс Андабеков: «Бүгінгі кеңестің мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы кедергілерді жою. Осы арқылы жұртқа көрсетілетін жұмыс сапасын арттырып, заман талабына сай, халықтың цифрлық сауатын арттыру. Бұл бағытта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауында  атап көрсетілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын және басқа да тапсырмаларды іске асыру көзделген. Нақтырақ айтқанда,  Жолдауда 2019 жылы мемлекеттік қызметтерді электрондық үлгіге көшіруді — 80, 2020 жылы кемінде 90 пайызға жеткізуді тапсырған. Қазір осы бағдарлама бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Мәселен өткен жылы Алматы облысында жалпы 12 миллионан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, тұрғындар оның 60 пайызға жуығын электрондық үлгіге алған»–деп атап айтты.

Жиын барысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша халықтан түскен арыз-шағымдармен ұсыныстар қаралып, жан-жақты талқылау арқылы тиісті шешімдер қабылданды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK