Талдықорғанда  23 мыңнан астам адамның қатысуымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Астана қаласына Нұр-Сұлтан атауы берілуіне байланысты арнайы қолдау шарасы өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында шаһардағы «Жастар» мәдени-демалыс саябағына жиналған Жетісу жұрты өздерінің ізгі ілтипатымен Елбасына деген құрметін білдірді.

Шараның өтуіне аймақтағы аккумулятор батареяларын шығаратын «Қайнар АКБ»,  «Шымыр»  ЖШС-тері мен «АСПМК-519» холдингтік компаниясы қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған. Осы орайда «Алматы облысы Елбасымен бірге!» атты концерттік бағдарлама жұрт назарына ұсынылды. Оған Айтгүл,  Қанат Құдайбергеновтер, Мәдина Садуақасова, Жанар Дуғалова, Төреғали Төрәлі сынды танымал әншілер мен жергілікті өнер ұжымдары қатысып, әннен шашу шашты. Жалпы шараға жиналған жетісулықтар Елордасына Нұр-Сұлтан атауы берілуі өте орынды шешім деп санайды.

Талдықорған қаласының тұрғыны Мұқият Бекболатов: — Қазақстанның тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елдің дамуы мен экономиканың өркендеуіне қосқан үлесі өлшеусіз. Небір қиын-қыстау кезеңдерді қаймықпастан еңсеріп, Қазақстанды әлемдегі 50 елдің қатарына қосты. Арқадан Астанадай әсем шаһар тұрғызып, күллі дүниені даналығымен таңдандырды. Қазір қазақ халқын әлем таниды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының саны санақсыз атқарқан ауқымды жұмыстарының нәтижесі. Сондықтан мен ел ордасына Нұр-Сұлтан атауының берілуі өте дұрыс шешім деп санаймын. Себебі, міне, бүгін бүкіл Жетісу жұрты жиылып, еліміздің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір игі бастамасына қолдау білдіріп жатыр. Осының өзі біздің «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алар кемеңгерін»,-деп ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай, береке-бірлігіміздің, тәуелсіз елдігіміздің арқасы. Біз Нұрсұлтандай  дара тұлғаның еліміз үшін атқарған ерен еңбегін қалай бағаласақ та артық емес,– дейді ол.

Осылайша, Жетісу халқы қашанда береке-бірліктің ұйтқысы екенін аңғартты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK