Жеті түрлі дәм

486
Дереккөз

Қазақ халқының  ұлттық мейрамдарының ішінде ең атаулысы  жаңа жылдың  жаршысы Наурыз  мейрамы. Ұлтымыздың жанына да, қанына да әбден сіңіп қалған бұл мереке халқымыз үшін расымен де ерекше. Осы мейрамның басты тағамы саналған наурыз көже қазір қалай дайындалады?

Наурыз көже – ұлттық құндылықты дәріптейтін,  жеті түрлі дәмнің қоспасынан дайындалатын ерекше тағам екені баршаға мәлім. Наурыз көжені дайындаудың өзі қызық процесс. Бұл тағамды әзірлеуге  үйдегі аналар, әжелер 2-3 ай бұрын дайындалады десек артық емес. Себебі, көженің ең басты компоненті саналған сүр ет дайын болу үшін жоғарыда айтылған уақытты талап етеді. Үйдегі сиырдан немесе заманауи үлгіде дүкеннен қатық, құрт, сүт алады. Жазда жинап алған бидайды шығарады және күнделікті тұрмыстағы су, тұз,  басқа да дәнді дақылдардан  дайындайды. Тіршіліктің нәрі, көзі саналған суды қазанға құяды. Халқымыз әр тағамның астарында бір несібе бар деп сенсе керек. Суды ұрпағымыз судай тасысын, көп болсын деген мақсатта пайдаланады. Сүрленген етті қазанға салып әбден қайнатады. Қазақ халқымыз етті тоқшылықтың, молшылықтың негізі деп санайды. Ас көп болсын, мол болсын деп етті қазанға тұтастай салады екен. Адам жанына шипа болсын, ас тойымды болсын деп бидайды тазалап, алдын ала қайнатып, пісіріп алады. Астың  тағы бір қоспасы тары сынды дәнді-дақылдарды тазалап, үгітіп дайындап қояды. Ақ көп болсын, сүттей ұйып отырайық деген ниетте қатықты, құртты бабына келтіреді. Осы дәмдердің барлығын біріктіріп, әр тағамның дәмін келтіретін тұзды қосып араластырады. Өте дәмді,  нәрлі тағам осымен дайын болады. Негізінде наурыз көженің негізгі нұсқауы не болмаса нақты қоспалары жоқ. Әр отбасының ырысы, негізі деп саналған дәмдерден дайындалып, негізгі саны 7-ге жетіп тұрса болғаны. Ең бастысы көже тек жақсы ниетте дайындалып, таусылғанша таратылса игі.

Дереккөз

Мерекеге орай Алтынемел ауылының тұрғыны Меделхан әже отбасылық дәстүрлерімен бөлісті. «Наурыз — қазақтың нағыз жаңа жылы. Оның басты тағамы наурыз көженің біздер үшін маңызы зор деп білемін. Бала күнімізде әжелерімізден көргеніміз, көкейге түйгеніміз бар. Есейе келе сол ізді жалғастырып жүрміз. Ауыл болып, тату-тәтті көршілеріміздің басын қосып атап өтеміз. Немере-шөберелер, ұл-қыздарым «Көжені қашан жасайсыз»? деп асыға күтеді. Білгенімізді білмегенімізге ,жастарға қазақтың дәстүрін мейлінше үйретуге тырысамыз. Біздің ауылымызда Наурыз мерекесі жоғарғы деңгейде ұйымдастырылады. Барша тұрғындар белсене атсалысып, ұлттық ойындарымыз ойнатылады. Сахналық көріністер қойылып, айтыс өтеді».

Айдана СМАҒҰЛ, Алтынемел орта мектебінің 11-сынып оқушысы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK