Наурыз мерекесін қалай қарсы аласыз?

531
Дереккөз

Түркі халықтары үшін қасиетті, ең қадірлі саналған  мейрамдардың бірі  Ұлыстың ұлы күні, әз-Наурыз. Тарихи тағылымы тереңде жатқан бұл күн  қай жағынан болмасын өте ерекше. Наурыз — қара суық қыс айынан аман-есен шығып, тек адамның ғана емес, күллі жаратылыстың жанданып, тіршілік  бастауымен тұспа-тұс келетін  мереке. Ал, осы айтулы «Жаңа жыл», «Жаңа күнді» халық қалай қарсы алады? Осы ретте қала тұрғындарымен қысқаша сауалнама жүргізген болатынбыз.

 

Минера Фазиловна, анестезиолог : Наурыз мерекесін біз отбасымызбен ерекше атап өтеміз. Барлық туысқандарды шақырып, көршілерді аралап бір сергіп аламыз. Тіпті, отбасылық дәстүріміз бар. Бір-бірімізге, жаңа түскен келіндерге ақ орамал сыйлап, жаңа жылды ақ түстен бастағанды жөн көреміз. Отбасымызбен, көрші-көлеңмен бірге өткізген бұл күн мені жыл бойына қуаттандырады деп анық айта аламын. Ал барша халқыма Ұлыстың ұлы күні  құтты болсын деймін. Тек осы күні  ғана емес жылдың әр  күнінде де жадырап, жайнап жүре беріңіздер. Көңілдеріңізге қатал қыстың суығы да, жаздың аптап ыстығы да әсерін тигізбесін.

Айсауле Төлегенова, аспаз : 22-ші наурыз күні қызым дүниеге келген болатын. Сол себепті бұл мейрам біздің қуанышымызды екі есе арттырып отырған жәйі бар. Отбасылық дәстүр бойынша  туған-туысты бір дастарханға жинап бір жағынан қызымның туған күнін, екінші жағынан ұлы мерекені атап өту. Мерекелік дастархан дәстүр бойынша аққа, дәмді, тәттіге толы тұрады. Ең бастысы Наурыз көженің орны бір бөлек. Жеті дәмді бір қазанға тоғыстырған халқымыздың ерекше тағамын біз де шамамыз жеткенше дәмді етіп дайындаймыз. Наурызға тілегім, әрбір отбасының шаңырақтарына шаттық, қуаныш, бақыт тілеймін. Еліміз тыныш, аспанымыз әрқашан ашық болғай !

Еркебұлан Жақыбай, тележүргізуші : Наурыз біздің төл мерекеміз болғандықтан, барлық салт-дәстүрді сақтап қарсы алуға тырысамыз. Қара шаңырақта үлкен әулеттің  басын қосып, ақ дәмнен дәм татып, ән айтып, ерекше жарқын көңіл-күймен атап өтеміз. Отбасылық дәстүріміз әр Наурыз мейрамы сайын қара шаңырақ ата-әженің үйінде,  туған-туыстың шаңырағында ағаш егеміз. Дана халқымыздың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлы сөзін ұстанып, біздің де осындай бір пайдамыз тисін деген ойымыз бұл. Тілегім барша  адамдар көңілдерін жаңартып, барлық қайғы-мұңды, уайым-қайғыны өткен жылға қалдырып, жаңа жылға тек жаңарумен  кірсін деймін!

Әлия Байганусова, Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары:  Наурыз мерекесін біз де барлығы секілді асыға күтіп қарсы аламыз. Дегенмен мерекенің жылуы, қызығы бізге 24-ші наурыз күні қатты сезіледі. Себебі сол күні тұңғышым дүниеге келген болатын. 24-ші наурыз күні Наурыз көже таратып, туған-туысқанмен мерекені және ұлымның туған күнін атап өтеміз. Мейрамды  ұжыммен 1 –ші наурыздан бастап кеттік десем асыра айтқаным емес.1-ші наурыз «Алғыс айту» күнінен бастап ұжым болып ұлттық нақыштағы киім киіп, осындай ұлы мерекелерге деген құрметімізді білдіріп жатырмыз.

Әлия Құдайбергенова, есепші : Наурызды мен жанұямның ортасында атап өтемін. Дәстүріміз отбасымызбен  жиналып, наурыз көже ішіп, көршілерді шақырып дәм татқызу. Ұжыммен де көптеген шаралар ұйымдастырамыз. Әр жылда жаңаша ойлар туындап жатады ғой, соған орай салт-дәстүрден аттамай керісінше барынша еске алып, қолдауға тырысамыз.

Фарида Жакупова, балалар кітапханасының бөлім меңгерушісі:  Ұлыстың ұлы күнінде біз үлкен үйге жиналып наурыз көжеден дәм татып, қарсы аламыз. Өткен-кеткенді еске алып, жақсы бас қосу өткіземіз. Күн мен теңеліп, барша тіршілік жаңарып өзінше ерекше әсер беретін бұл айдан күтеріміз өте көп. Ұжым арасында да іс-шаралар ұйымдастырып, балаларды сал-дәстүрден жырақ қалмасын деп оларды да атсалысуға шақырып жатамыз.

Әбутәліп  Дүйсек, жеке кәсіпкер: Ата-дәстүрді сақтаған, барлық жөн-жоралғыны ұстанатын қазақ халқы болғандықтан ұлы мейрамды біз де асыға күтіп қарсы аламыз. Көптен көріспеген ағайындарды шақырып қонақ етеміз. Кейін сол ағайынға өзіміз қонақ болып барамыз. Қазан толтыра наурыз көже пісіріп таратамыз. Отбасылық дәстүріміз осы 2-3 жылда пайда болды . Бір-бірімізге азды-көпті сыйлық дайындаймыз, ол сыйлықтың өзі ерекше  қазақы нақыштағы бұйымдар, ерекше заттар болады.

 Салтанат ИРҒАИПОВА.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK