Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны

432
Дереккөз

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз» — деп атап өткен болатын. Осы орайда Тіл сарайында «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» атты республикалық семинар өтті.

Дереккөз

Айта кетейік, аталмыш семинар республика бойынша Алматы облысында алғаш рет ұйымдастырылды. Алматы облыстық  тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының  басшысы Айдар Башбаев «Қандай мемлекет, ұлт болсын өзінің даму тарихында  түрленіп, жаңғырып отырмаса, онда қоғам дамуының үдерісіне ілесе алмай қалады. Осыны ескерген Елбасымыз  алғашқы кезеңнен  бастап ел дамуының ұлы жоспарларын жасап, даму даңғылын жетілдіріп отырды. Қазіргі таңда еліміздегі  өзекті мәселелердің бірі – әліпбиіміздің өзгеруі. Тарихи тамыры терең тұғырлы тілімізді түлетіп, санамызды сілкінткен, заман талабынан туындаған жаңа бастаманы жандандыру баршамызға ортақ іс деп ойлаймын. Латыннегізді жаңа әліпбиді практикалық тұрғыда меңгеру, жан-жақты қамту, нақтылай түсу, халықты бейімдеу мақсатында көптеген іс-шаралар, дәріс, семинарлар ұйымдастырылып келеді»-деді.

Дереккөз

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова мен  А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Айман Жаңабекова латыннегізді қазақ жазуын ересек аудиторияға үйрететін 60 маманға дәріс жүргізді. Оқыту барысында қазақ жазуын латын графикасына көшірудің мақсаты, жаңа қазақ әліпбиінің графикасы мен құрамы, бірге жазылатын және дефиспен жазылатын, бас әріппен жазылатын  сөздер емлесі, шеттілдік сөздердің орфографиялануы және орфоэпиясы сынды маңызды тақырыптар қозғалды.  Айман Жаңабекова «Қазіргі атқарылып жатқан жұмыс жаңа емленің құрылымы мен құрылысын таныстыруға қатысты өткізілген шаралардың алғашқыларының бірі. Латын қарпіне көшудің алғышарттары, жаңа емленің ерекшеліктері жөнінде айтылуда»-деп шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK