Әлеуметтік кәсіпкер, «Статус» ойын-сауықтық кешенінің иесі Асқар Біләлов Талдықорған қаласының тұрғыны Индира Қарабековаға үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Кәсіпкер қуанышты жаңалық сегіз баланың анасы Индираға тосынсый болсын деген ниетпен, өзінің бұл әрекетін бастапқыда айтпаған. И.Қарабекованы балаларымен қоса «Статус» кешеніне қонаққа шақырып, сол жерде пәтердің кілтін берді.

Қуаныштан көз жасына ерік берген көпбалалы ана Асқардың жасаған жақсылығына шексіз риза екендігін жеткізді.

«Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Өзіміздің жеке үйіміз болады дегенге сенбеп едім. Балаларым да таңырқап тұр. Көп рахмет!», — деді Индира Қарабекова.

Көпбалалы ана осы уақытқа дейін облыс орталығына қарасты саяжайда жалдамалы үйде тұрып келген.

Асқар Біләлов бұған дейін де Қарабековтар жанұясын азық-түлікпен қамтып, мүмкіндігінше қол ұшын созып келген екен.

«Үйлеріне барған сайын тұрмыс жағдайы тым төмен екендігін байқайтынмын. Көп ойлана келе осындай қадамға барып, Наурыз мерекесі қарсаңында сыйлық жасауды жөн деп шештім», — дейді кәсіпкер.

Қуанышты сәт барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары қазіргі таңда «Іскер ана» атты арнайы жоба дайындап жатқандықтарын айтып қалды. Индираны соған қатысуға шақырып, өз ұсыныстарын айтты. Ол жерде кәсіпкерлікті бастау және оны қалай дамыту керектігі жайлы мәліметтер айтылмақ.

Сыйға берілген пәтер жөндеуден өткен және жартылай жиһазбен қамтылыпты. Бұл Асқардың алғашқы қайрымдылық шарасы емес. Кәсіпкер мереке сайын мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлық жасауды әдетке айналдырған.

Алмагүл Оңғарбаева, Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы:

— Біздің кәсіпкерлердің ізгі істері туралы кеңінен насихаттап, оларды жастар алдында үлгі етіп отыруымыз керек. Қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді жүйелі шешу үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Менің Атамекенім» жобасын іске қосты. Atamekenim.kz порталында көмекке мұқтаж жандар «Маған көмек керек» бөлімінде өтініштерін қалдыра алады. Ал, көмек қолын созуға дайын азаматтар «Көмек беру» бөліміне өтіп, қолдау көрсете алады.

Айта кетейік, 4-ші ақпанда Астана қаласында 5 бала өрттен қаза тапқан болатын. Осы уақытта Жандар Садыров есімді жас кәсіпкер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көпбалалы отбасыларға пәтер сыйлауға ниетті екендігін айтып, игі істі бірінші болып бастаған еді. Сондай-ақ, ол еліміздегі барлық кәсіпкерлерге де үндеу айтып,  эстафета жолдаған болатын. Міне, талдықорғандық кәсіпкер де мұқтаж жандарға мәрттік танытып отыр. Лайым осындай игілікті істердің куәсі бола берейік.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK