Биыл Алакөл ауданы Үшарал қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңбері аясында 300-ге жуық балаға арналған дене-шынықтыру сауықтыру кешені бой көтереді. Жалпы көлемі 1100 шаршы метрді құрайтын нысанда тәжірбиелі бапкерлердің жетекшілігімен бокс, еркін күрес, дзюдо, ауыр атлетика бөлімшелері жұмыс істейді деп күтілуде. Осыған орай бүгін облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Тарлан» батырлары ЖШС-нің директоры Бақтияр Артаев пен Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сервистік қызмет көрсету бойынша келісімге қол қойды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жиын барысында Нұрбақыт Молдахметұлы мұндағы сервистік қызметтің уақыты 5 жыл екендігін атап өтті. Арнайы құрал жабдықтармен қамтылған ғимаратта «Тарлан» батырлары ЖШС мамандары жасөспірімдерді спортқа баулымақ.

«Біздің мұндағы негізгі мақсатымыз – спортпен айналысып, соңымыздан еріп келе жатқан іні-қарындастарымызға неғұрлым жағдай жасау болып табылады. Қысқаша айтқанда, оларға біз көрмеген мүмкіндіктерді көрсету. Бұл жоба ҚР бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың тапсырмасымен әр өңірде жүзеге асып келеді. Өздеріңіз білесіздер еліміздің намысын қорғап жүрген спортшылардың басым бөлігі ауылдық жерлерден шығуда. Осыған орай спорттық кешендерді аудан орталықтарына салып жатырмыз», — дейді Олимпиада чемпионы Б.Артаев.

Сонымен қатар, Бахтияр Ғарифоллаұлы аталмыш нысанда мүмкіндігі шектеулі балаларға да тегін қызмет көрсетілетінін атап өтті. Ал, спортпен айналысқысы келетін ауыл тұрғындарына (мемлекеттік қызметкерлер) ақылы болмақ.

«Бұл жоба өскелең ұрпақ үшін өте тиімді деп ойлаймын. Балалар спортпен шұғылданып, ертеңгі күні біздің жолымызды қуып, көк туымызды әлемдік ареналарда желбіретіп тұрса, керемет қой. Ауыл тұрғындары да жұмыспен қамтылады», — дейді Б.Артаев.

Айта кетейік, балаларды спортпен шынықтыруға жылына 39 млн. теңге бөлінеді деп жоспарланған. Бұл «Тарлан» батырлары ЖШС-нің 5-ші жобасы. Алдағы уақытта Ақтөбе облысына да 3,5 мың шаршы метрді құрайтын дәл осындай спорт нысаны салынбақ. Мұндағы ғимараттың көлемі сол елдімекенде тұратын халықтың санына байланысты бой көтереді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK