Оқушылар сарайында «Алтын қолдар» атты  ерекше күтімді талап ететін мүгедек балалардың қолдан жасалған бұйымдарын сату жәрмеңкесі өтті. Аталмыш қайырымдылық шара «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Талдықорған қалалық филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Жобаның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың өмір сүру сапасын көтеруге көмектесіп, қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болуларын қамтамасыз ету.

Жәрмеңке басталмас бұрын жиналған жұрт  «Қамқор» балалар үйі мен «Бәйтерек» оңалту орталығы балаларының кішігірім концертін тамашалады. Бүлдіршіндер ән айтып, би билеп өнерлерін ортаға салды.Жиналған қауым алдында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадіров мүмкіндігі шектеулі жандарға ризашылығын білдіріп,  белсене қатысқан ұйымдарға алғыс хат табыс етті.Ізінше, «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Жазықбаев: «Жәрмеңкеден түскен барлық қаражатты осы балалардың әрмен қарай өнерлерін шыңдап, қажеттіліктеріне жаратады» — деп, көрмеге қойылған заттарды белсенді түрде сатып алуға шақырды.

«Алпамыс» қоғамдық ұйымы, «Қамқор» балалар үйі, «Бәйтерек» оңалту орталығының жұмыстары қойылған қолөнер бұйымдарының көркіне көз тоймайды. Теңдесіз керемет туындылар болғандықтан барлығы да өте тез сатылып жатты. Өнерлерін паш еткен бүлдіршіндер көрерменнің көзайымына айналғандарына дән риза.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK