Ежелден қазақ зиялыларының саясат пен шығармашылықты қатар алып жүргендігін бәріміз білеміз… Сондай аққан жұлдыздай жарқын, өмірден мезгілсіз өткен, асқан дарын иесі Ілияс Жансүгіров еді.

Ілияс өз заманының ғана емес, бүгінгі заманның да қаһарманы… Халықтың мәдени дамуына үлес қосып, сол кездегі әлеуметтік жағдайын да өз өлеңдерінде сипаттап, болашақ ұрпаққа жеткізе білген ақын. Мәселен Ілияс Жансүгіровтің «Кәмпеске», «Жұт – жеті ағайынды» өлеңдері – Ұлы Даланы шарпыған ашаршылық туралы.

Ашаршылық… Сол зұлматты жылдардағы Жетісу өлкесіндегі ашаршылықтың негізгі себебі астық-егін саласының көп қысқартылғандығы болған еді. Өкімет қолдан жасаған аштыққа қоса,  ол жылдарда егілген егін қуаңшылықтан шықпай, ал шыққаны – күйіп кетті. Бұл жағдай мал басының ғана емес, архив деректеріне сүйенсек азаматтардың да жаппай қырылуына әкеліп соқты (25қ., 1т., 111і.).

Саяси қуғын-сүргіндер – мемлекеттік органдар немесе олардың өкілі болып табылатын лауазымды адамдарды, саяси себептер бойынша қылмыс жасаған деген айыппен азаматтарды күзетпен қамауға алуды, өмірін жою немесе бас бостандығынан айыру, өмір сүрген жерлерінен немесе мекенді аудандарынан аластау, бостандығын шектей отырып ықтиярсыз еңбекке тарту түрінде жүзеге асырылатын көндіру шаралары, яғни, құқықтары мен бостандығынан айыру болып табылады.

Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды.

«Қызыл қырғын» аталған 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде – арыстай азаматтарымыз құрбандыққа шалынып, қарапайым еңбек адамдары да қудалауға түсіп, сотталу жаппай етек алды.

Қазақ халқының қабырғасын қайыстырған, үлкен қайғыға батырған осы қуғын-сүргінде құрбан болған, ұлтымыздың қаймақтары, төл мәдениетіміздің тарландары, жарқыраған жұлдыздары «Бес арысымыз» және «Үш бәйтерегіміз» еді. Сол арыстай азаматтардың қатарында қазақтың құлагері, жерлес ақынымыз Ілияс Жансүгіров те қуғын-сүргін құрбаны болды.

Осындай асыл азаматтарымызды контрреволюциялық ұйым мүшелері, буржуазияшыл-ұлтшылдар, жапон-неміс барлауының агенттері деп айыптады. Қуғын-сүргіннің басы арыда жатыр. Ол 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін шегіне жеткен кезі болатын. 1929 жылдан партбилеттерді тексеру, коммунистерді аластау бастау алған еді.

Оған дәлел архив құжаттарының негізінде, Жетісу өлкесіндегі елді-мекендерде қуғын-сүргіннің сан түрлі өрбігеніне көз жеткіземіз.

Қазақстан Коммунистік партиясының Ақсу аудандық комитетінің 1937 жылғы №52 – хаттамасы негізінде, 4-партия конференциясының қаулысын мысалға алайық: «Партияның қатарына әлдеқалай кездейсоқ, алдап кіріп кеткен дұшпандардың бетперделері ашылып, әшкереленді, партия қатарынан аластатылды. Коммунистердің 93 пайызы саяси оқуға тартылып, 7 партия, 13 саяси-сауат ашу мектебінің ашылуы ұйымдастырылды» (23қ., 1т., 9қ., 147і.).

1937 жылдың 22 тамызындағы Ақсу аудандық партия комитетінің №18 – қаулысы төмендегі жағдайға байланысты шығарылды:

«Аудандық НКВД бастығы Смамбетовтің хабарландыруы:

Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы Шыршитбаевтың қытай жақпен байланысы бар деген, ал Суық сай Кеңесінің төрағасы Оразалиев 1936 жылы қараша айында Арасан қыстағында Саманов деген мұғалімнің үйінде контрреволюционер Мырзабаев, Жүсіпов дегендермен арақ ішіп отырып, қарсы террорлық сөз сөйлеген, сол Мырзабаевтың сөзін Оразалиев жасырып тиісті жерге айтпаған. Осыған орай қаулы қабылданды, аудандық партия комитетінің хатшысы Алдабергенов: Жолдас Смамбетовтің хабары негізге алынып, Шыршитбаевты аудандық партия комитетінің нұсқаушылығынан босату. Оразалиевті қызметтен босатуды аудандық Атқару Комитетінің партиясына тапсырылсын. Жолдас Смамбетов Шыршитбаевтың, Оразалиевтің істерін тез тексеруге міндеттелсін.

Барлық партия ұйымдары, комитеттері халық жауларын шұғыл табуда, НКВД орындарына түгел жәрдем ететін болсын» (23қ., 1т., 9қ., 148і.).

Қуғын-сүргін кезінде халық арасында осындай дүрліктіру өте көп орын алған еді. Жазықсыз сан мыңдаған адамдар жала жабылып, құрбан етілді.

Осы айтылған деректердің барлығы, мемлекеттік архивте сақталуда. Деректер негізінде ел басқарған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыздан бастап, қарапайым шаруаға дейін аямай жазықсыз жазалай берген отаршыл саясатқа тағы да куә боламыз.

Саналы ғұмырларын Кеңес өкіметі мен коммунистік партияға арнаған қазақтың жалындаған қайсар азаматтары «Қызыл қырғынның» құрбандарына айналуы, сол бір қиямет күндерді жадымыздан еш өшіре алмайды.

Сонымен қатар, Алматы облыстық мемлекеттік архивінде Үміт Ілиясқызы Жансүгірованың қоры бар. Үміт Ілиясқызы – қазақ әдебиетінің классигі, аты әйгілі ақын Ілиясымыздың қызы, дәрігер-терапевт, медицина ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Патенттану, еңбекті ғылыми ұйымдастыру және ғылыми-медициналық ақпарат қызметінің басшысы болған. Тұлғаның өмірбаянына қатысты құжаттары аталған архивте мемлекеттік сақтауда.

…Жылдар өте келе саяси қуғын-сүргінге ұшырап, қудаланған,  жазаланған, атылған азаматтардың ақталуы – заңсыз жолмен қылмыстық жауапкершілікке тартылғындарының нақты дәлелі, тарихи шындығы болып табылады. Қазіргі таңда әрбір қазақстандыққа еліміздің тарихын танып білуге, одан үлгі алуға, архивтерде зерттеу жұмыстарын жүргізуге барлық мүмкіндіктер жасалуда. Осыған орай, тарихта болған тарландарымыздың өмірлерін танып білу, әрбір азаматтың парызы деп білемін.

 Шынар Нурмухамедова,

«Талдықорған мемлекеттік архиві» КММ

бас қор сақтаушы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK