Бүгін Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мамандары Талдықорғанда қос бүлдіршінді өрттен құтқарған Арман Бахытбайұлымен кездесу өткізді. Аталған жиында мекеме басшысы Жомарт Мандатұлы батыр жігітке көрсеткен ерлігі үшін алғыс білдіріп, полицияға қолдау көрсетуші «Жалын» студенттік жасағының арнайы киімі мен куәлігін тапсырды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Шараға жастарға қызмет көрсету орталығының қызметкерлері, белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы ерлік жасаған Арманның әрекетін нағыз жігітке тән қасиет деп атап өтті.

«Құрметті жастар! Бүгін өздеріңмен басқосудағы негізгі мақсатымыз – Арманның ерлігін көпке үлгі ету. Ерлік – білекте емес, жүректе. Шыны керек, өз өмірін қатерге тігіп, көмек қолын созу – әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Осы орайда батырымызға ерекше ілтипатымызды білдіргіміз келеді», — деді Жомарт Қаратас.

Өз кезегінде сөз алған Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ-нің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Сериев:

— Біз үлкен сауапты істің куәсі болып отырмыз. Сөз жоқ, Арман – бүгінгі күннің батыры. Арамыздан осындай жігіттің шыққанына өте қуаныштымыз. Бүгінде уиверситетімізде үш мыңға жуық студент болса, олардың барлығы да осындай қадамға баруға дайын деп ойлаймын. Себебі, біздің  шаңырақта Отанға деген патриоттық рухы жоғары білімгерлердің қатары көп. Оған «Жалын» студенттік жасағында қызмет жасап жүрген жастарымыз дәлел, -деп атап өтті.

Жиында Арман Бахытбайұлы да әңгімеге араласып, балаларды құтқару барысында алған әсерімен бөлісті. Ол өз сөзінде:

— Өзімді ерлік істедім деп айта алмаймын. Мен болмасам да, мұны басқа біреу жасайтын еді. Негізі, қол ұшын беру – әр адамның азаматтық борышы ғой. Мен тек, сол міндетімді атқардым. Ешқандай қорқынышты сезінбедім, бар ойым іштегі кішкентай қыздарды сыртқа шығару болды, — деп болған оқиғаны баяндап берді.

Он тоғыз жастағы Арман Талдықорған қаласының тумасы. Қазіргі таңда ол Жетісу мемлекеттік университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәлім алуда. Жуырда ерілігімен танылған 1-ші курстың студентін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жеке қабылдап, өзінің ризашылығын білдірген болатын. Сондай-ақ, өңір басшысы жаңа оқу жылынан бастап, Арманға облыс әкімінің гранты берілетінін айтты.

Айта кетейік, Арман Бахытбайұлы 6 наурыз күні сабағына бара жатқан жолда балконнан көмек сұрған балалардың даусын естіп, өрт шыққан пәтерден 8 және 2 жастағы қыздарды құтқарған. Ал, балалардың ата-аналары бұл уақытта жұмыста болған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK