Бүгінде Талдықорған қаласында жасы жүзге жуықтаған және жүзден асқан 10 әже бар. Солардың бірі биылғы бірінші қаңтарда 105 жасқа  толған  шаһардағы «Мүшелтой» шағын ауданының тұрғыны Зылиха Қожакенова болса, тағы бірі әйгілі соғыс ардагері «Паровоз апа» есімімен елге танымал Алтынай Есболатова.

Шайқас шебінде 4 жылдан астам  уақытын өткерген Жетісудың төл тумасы бүгінде Талдықорған қаласындағы «Қаратал» шағын ауданында тұрады. 1923 жылы Матай ауылында дүниеге келген қарт майдангер:  «Менің бірнеше төс белгімде паравоздың суреті бейнеленген. Олар менің соғыста көрген тарихи оқиғаларымның куәсі тәрізді » -деп еске алады.  Алтынай апаның жасы дәл қазір бір ғасырға жуықтаған. Оның  әр  басқан қадамы  ақиқат пен аңызға толы. Жастайынан жетімдік шекпенін киіп, мезгілсіз марқайған  қам көңіл қыз 18 жасында туған ауылындағы темір жолда паровозға от жағушы болып жұмысқа тұрған. Аз уақыт ішінде қосымша паровоз жүргізудің қыры мен сырын меңгерген ол, іскерлігімен елді сүйіндіреді.  Кейін оның Алматыдағы темір жол училищесін енді тауысқан сәтінде сұрапыл соғыс оты тұтанады. Елде  кәрі-жас, ер-әйел демей майданға аттанып жатқан тұста ол өздігінен сұранып, алдыңғы шепке баруға бел буады. Сонымен 1942 жылы қаңтар айында орталық соғыс кеңесінің №34 бұйрығымен алдыңғы шепке аттанған паровозшылар құрамына барып қосылады. Ізінше, Сталинград бағытындағы ұрысқа  ЭМ 722-03 паровозын тізгіндеп кете барады. Осылайша, сұрапыл соғысты өз көзімен көріп, ерен ерлік көрсеткен майдангердің атқарған әрбір ісі ұрпаққа үлгі.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK