Бүгін Талдықорған қаласында жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен 8 Наурыз – халықаралық әйелдер күніне орай «Асыл анам» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада нәзік жанды мемлекеттік қызметкерге, дәрігерлерге, мұғалімдерге, көпбалалы аналарға және қоғамда белсенділік танытып жүрген аруларға құрмет көрсетілді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Тіл сарайында өткен салттанатты шарада Талдықорған қаласы әкімінің міндетін атқарушы Талғат Қыдыралиев шаһардың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жандарға мерекелік құттықтауын жеткізді.

— Сұлулық пен нәзіктіктің иесі — Сіздерді осынау көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейрімге бөлейтін ерекше мереке. Қазақта «Ұл туса, ұрпағым өседі, қыз туса, ұлтым өседі» деген ұлағатты сөз бар. Ұлы даламызда есімдері ел мақтанышына айналған ардақты аруларымыз аз емес. Әйел – әсемдік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы. Бүгінде әйелдер қауымы мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында аянбай еңбек етуде. Талдықорғанда қазір тұрғындардың саны 173 мыңнан асса, оның жартысынан көбісі (53 пайыз) нәзік жандылар. Атап айтсақ, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің басым бөлігі әйелдерден құралған. Мемлекетіміздің дамуына айрықша үлес қосып қосып жүрген де осы жандар. Бір заманда бабаларымыз «Әйел – ырысың, қыз – өрісің, келін – тынысың» деген. Бүгінде сіздер ұлтымыздың ұйытқысына, берекенің бастауына айналдыңыздар. Татулық пен тұрақтылықтың бағасын ақ жалаулықты аналардан басқа ешкім білмейді. Сондықтан тәуелсіз мемлекетімізге сіздердің көмектеріңіз әрқашан қажет деп ойлаймын. Жандарыңыз өте нәзік болғанымен, қайраттарыңыз ер-азаматтан еш кем түспеген. Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де өздеріңізсіздер. Ақыл мен парасат, сұлулық пен сымбат бойларыңыздан әрдайым табыла берсін. Шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын!, — деді Талғат Сайлаубекұлы.

Мерекелік жиынға келген нәзік жандылардың барлығы қала әкімінің «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен» және гүл шоқтарымен марапатталды. Ал, шара соңында ән шырқаған жігіттер мереке көркін қыздыра түсті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK