Саралаған алтындай салмақтап та,

Өмір өзі қояды талдап сапқа.

Қазағымның қашанда қызы лайық.

«Ару» деген аяулы ардақты атқа.

 

 

Заида ЕЛҒОНДИНОВА, ақын, халықаралық

«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

«Құрмет» орденінің иегері

Алатаудың баурайы ақ гүл еді…

Алатаудың баурайы ақ гүл еді.
Аппақ гүлге оранған бақ күледі.
Көбелектің қанаты жүз құбылып,
Шақыратын біздерді шаттық елі.
Баратынбыз екеуміз шаттық кешіп,
Бұлбұлменен қарсы алып бақ тілдесіп.
Кіші Алматы қуанып тасып ағып,
Алатаудың қонбайтын басына бұлт.
Сен нұрланып жүзіме қараушы едің,
Жанарыңнан жарқылдап жасын ағып.
Аппақ жүзің ажарлы ақ таңдай-ды.
Тұнжыр көзді қарағым, ақ маңдайлы.
Сұлу тұлғаң ақ гүлдер арасында,
Бір ақсұңқар қанатын қаққандай-ды.
Көктем еді ғажабы, көктем еді,
Ғажап бір нұр жүзімнен өпкен еді.
Сенің нұрлы лебізің жұпары аңқып,
Көтеретін құстай ғып көкке мені.
Бұлақтардың мөп-мөлдір күлкісіндей,
Өтті уақыт.
Оңғақ бір гүл түсіндей.
Менің саған мәңгілік сезімімді,
Алатау да әлі күн жүр түсінбей.
Қар жамылып Алатау жатыр әні.
Тұңғиыққа түнгі ойлар батырады.
Көктеміңді  мен сенің күтіп жүрмін,
Дір-дір етіп сезімнің жапырағы.

 

           Гүл-Көктем

Сағыныш НАМАЗШАМОВА.

Гүл-Көктем жетсе аптығып,
Қаларсың қалай аңғармай.
Дауыстың бәрі сап тынып,
Құс үні ғана қалғандай.

Біз жаққа жетсем деуменен,
Сарқылған шығар күш талай,
Сарнатып әуен кеудемнен,
Сағынтып жеткен құстар-ай.

Дос санап барлық адамды,
Ұя да салдың бұтаққа.
Көктемді күткен ғаламды,
Қанатыңменен құшақта.

Қарасаң сонау алысқа,
Көрінер ме екен түп шынар?!
Жер деген, бәлкім ғарышта
Қалықтап жүрген құс шығар.

Көңілімді шат қып көтерген
байланып қалдым бір үнге.
Бір күні сөйлеп кетем мен
Қанатты құстың тілінде.

 

 

                               Гүлбақыт ҚАСЕНОВА.

Менің жаным

Менің жаным – гүлдей нәзік,
гүлдей нәзік үлбірер.
Нәзіктікпен өмір сырын,
әлемді ұғып үлгірер.

Менің жаным – Күндей жарық,
күндей жарық арайлы.
Арай тұнған жанарыма,
Ай ұрланып қарайды.

Менің жаным – Айдай нұрлы,
айдай нұрлы әдемі.
Әдемі, әсем тербеледі
сағыныштың әндері.

Менің жаным – сарша тамыз,
сарша тамыз күйдірер,
Күйіп-жанған сезім оттай –
ғашық жанды сүйдірер.

Менің жаным – ақша қардай,
ақша қардай, ақ тұман.
Жыр әлемге еніп барам,
бесігіне бақ тұнған.

Менің жаным – алуа жыр,
алуа жыр балдайын.
Бал-шырынмен уызданған,
уызына қанбаймын.

Менің жаным – сенің жаның,
Сөнбес менің жалыным.
Бар әлемге нұр төгейін –
Шуақ сыйла, Жарығым!
                   

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА.

Ақ қайыңды даламның еркесімін

Құс қанаты талатын байтақ далам,

От тұяқты тұлпар да тайсақтаған.

Қыран тектес көңілім тарыққанда
Құшағыңа қыспасаң жай таппаған.

Ақ қайыңды даланың еркесімін,
Еркін ескен тербеген жел бесігін.
Біреу менің даламды жаратпаса,
Жаратпасын маған-ақ бер кесімін.

Құмды дала, ойды қыр алмастырып,
Екі жақты жататын жалғастырып.
Таулы өлкеге жол тартып келгенімде
Көрсетпеген түк те де жартас қылық.

Тауға ұнап, арылдым мен алаңнан,
Жақпар тасы жаныммен тең қаланған.
Сөйте тұра қамыққан сәттерімде
Қалқан іздеп кетемін кең даламнан.

Жұпарыңды, ақ қайың, аңсап сенің,
Шарласам да таппаймын, шаршап емін.
Таудан биік тұрмайды өзге нәрсе
Деген сөздің төркіні жаңсақ тегі.

 

                       Әмина АЙДАХАН.

Алаңмын   

«Сыйлайын «-деп талпынам да саған бақ,
Қалам кейде жоғалтудан алаңдап .
«Бақ пен сорды егіз «-дейді біреулер,
Шаттығымды кете көрме тамамдап !

Бүгін тағы бір түрлісің кешеден,
Нарау қайтып келе жатсың көшеден.
Жүрегіңе жүк боп тұрған мұңыңды ,
Жеңілдете алар ма екен осы өлең?

Сырласуға ,мұңдасуға құлқың жоқ ,
Сөздеріңде мейір азда ,зіркіл көп.
Жоқ нәрсені әңгіме ғып жан таппай ,
Мен жүремін үйге сыймай күңкілдеп.

Содан кейін өз-өзіме бал ашып ,
Күйім кетер күдік пен мұң таласып.
Үмітімнің күлі бірден көкке ұшар,
Қақ жүректен қадалғандай қара сұқ.

Сағынбайтын боп барасың сеземін ,
Оны ойласам өртенеді өзегім.
Сенсіз келер күндерімнен қорқамын ,
Сағынышқа қалай ?…қалай ? төземін.

 

Өмір гүлі

Айгерім Тұрлықожа

Өмірдің біз ғой бір гүлі,
Маңдайын сүйген таң күліп.
Нәзіктің аппақ үлбірі,
Тербеген самал ән қылып.

Ғажаппыз гүлзәр бақтардан!
Шырайлы кештің сәніміз.
Жарықпыз нұрлы шақтардан,
Біз деген — өмір мәніміз.

Сырғасы сыңғыр қағатын,
Көктегі жұлдыз, шынармыз.
Бұлақпыз тұнып ағатын,
Шынайы сертке құмармыз.

Бағалай білсең, Жігітім,
Бақытты бізден іздеңдер.
Болмаса, таптап үмітін,
Өмірдің гүлін үзбеңдер.

 

 

 

Көктем

Мағрипа Сандуғаш

Бүгін көктем таңда шуақ төгіп нұр.
Сол шуаққа еркелегім келіп тұр.
Сұлулықтың құшағында тербетіп,
Өлеңіммен жолықтыр.

Ақпан бірге әкетті ме мың сырды.
Бүгін көктем көңілімде гүл сынды,
Көктем мені екелетші баурыңа ап,
Сағындым ғой исіңді.

Сағындыңба, бізде сені аңсадық,
Жұпарыңды жұтайыншы тамсанып,
Таңда бүгін бір әуенге тербеліп,
Жүректе тұр ән салып.

Мейірің де, пейілің де бөлек тым,
Сенде маған, мен де саған керекпін.
Сендей болып аялады дегенмен,
Сүйе алмады мені ешкім.

Жан сырымды жаулығыма түйіп қой,
Өзіңменен самғады ма биікке ой?
Сенде мені сағынды деп білейін,
Маңдайымнан сүйіп қой.

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK