Биыл Алматы облысынан 1992-2001 жылы туылған 3 мыңнан астам азамат әскер қатарына шақырылады деп жоспарланған. Соның 2000-ға жуығы осы көктемгі шақырылымда әскер сапына алынады. Наурыз айының 14-нен бастап жас сарбаздардан құрылған алғашқы топ азаматтық борышын өтеу үшін тиісті әскери бөлімдерге аттандырыла бастайды.

Бұл туралы Алматы облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы подполковник Талғат Дәулетханов мерзімді әскерге шақыру мәселелері бойынша өткізілген нұсқаулық-әдістемелік жиында атап айтты. Жиынның басты тақырыбы 2018 жылғы мерзімді әскерге шақырудың қорытындысы, 2019 жылғы көктемгі әскерге шақырудағы міндеттер мен талаптарды талқылау.

 

Басқосуға медицина және шақыру комиссиясының төрағалары, жергілікті әскери басқару органдарының басшылары, Талдықорған гарнизонының әскери прокуратура, ҰҚКД және Полиция департаментінің, сондай-ақ әскери бөлімдердің өкілдері қатысты.

Сөз кезегінде ҚІД басшысы подполковник Талғат Дәулетханов шақыру міндеті жүктелген мамандардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

—        ҚР Қорғаныс министрінің 2019 жылға қойылған талаптарының бірі қазақстандық армияны сапалы жасақтау болып табылады. Осыған сәйкес, әскерге шақыру жұмыстарын сапалы әрі тиянақты жүргізуді басты назарда ұстау қажет. Әскер қатарына қабылданатын азаматтардың денсаулығы мығым, физикалық дайындығы күшті, әрі ерік-жігерінің мықты болуы қатаң қадағалансын, — деп ерекше атап өтті ол.

Алматы облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы, уақытын кейінге қалдыруға және әскерден босатылуға құқы жоқ азаматтар қабылданады. Көктемгі  әскерге шақыру науқаны 4 ай бойы жүргізіледі, яғни маусым айының соңына дейін жалғасады.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK