Ана… ең ұлы сөз. Осы бір ауыз сөзде қаншама ұғым жатыр. «Ана бір қолымен сәбиін тербесе, екінші қолымен әлемді тербейді»,– деген де бекер айтылмаса керек. Әлемнің осыншалықты жарық, жылы болуы асыл аналардың жүрек жылуының, мейірімінің, аялы алақанының шапағатынан десек, артық айтқандық емес. Шуақты көктеммен ере келген мереке қарсаңында «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде жетісулық аналар атынан сөз сөйлеп, Елбасының ризашылығын алған, көпбалалы, бақытты ана Ғалия Ниязқызы жайлы айтуды жөн көрдік.

Ғалия Ниязқызы Ақбасова – Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентінің тұрғыны, зейнеттегі ұстаз. Өмірін бала тәрбиесі мен оқытуға арнаған тағылымды жанның өнегелі өмір жолынан жас аналардың алары мол, көңілге түйері зор.
— Құрметті Елбасы, өзіңізге Жер жаннаты Жетісудың ақжаулықты аналарының алғысын арқалап келдім. Сіз жаңа ғана жария еткен әлеуметтік бастамаларыңызды, батыл да нақты шешімдеріңізді ана ретінде үлкен тебіреніспен тыңдадым… Әлбетте, бес саусақ бірдей болмайды. Ел болған соң әлеуметтік мәселелер де болмай тұрмайды. Мен де – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңдерді бір кісідей басымнан өткізген анамын. Аналар әр кез баласының болашағы үшін алаңдайды ғой. Дүниедегі ең берік сенім- ананың балаға деген сенімі. Бұл болашаққа деген сенім! Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бәрімізге сын болды. Сондай тар уақытта біз, аналар қауымы, жоқшылыққа сабыр сақтап, ертеңге деген сенімге сызат түсірмедік. Қазағымды осы күнге жеткізген сол аналарымздың төзімі мен шыдамы, сабыры мен қанағаты қазіргі жас аналарға үлгі болса, нарықтық заманда кездеспей тұрмайтын кей қиындықтарға түсіністікпен қараса дейміз. Біз аналар қоғамдағы оқиғалардың бәрін жүрегімізден өткізіп, қабылдаймыз. Бабаларымыздың бойына біткен қасиет сабырлық пен төзімділік біздің де бойымызда бар. «Сабыр түбі — сары алтын»,– дейді сабырлы болайық!


Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз өз сөзіңізде Үкіметке көпбалалы аналарға бірқатар көмек шараларын тапсырдыңыз.Әр балаға әлеуметтік жәрдемақы көтерілетінін айттыңыз. «Бақытты отбасы» бағдарламасын орындау жөніндегі тапсырмаңыз біздің, көпбалалы аналардың көңіл төрінен берік орын алады деп сенемін. Қазір аналарымыз көпбалалы болудан қорықпайды. Өйткені олар ел ертеңін ойлаған сізге сенеді, болашағын елімен байланыстырады. Бір Алматы облысының өзінде жыл сайын 1-ші сыныпқа 46 мыңнан астам бала барады. Бұл деген керемет емес пе?! «Мың өліп, мың тірілген» қазақ елінің көп бақытының бірі осы демографиялық өсім ғой деп ойлаймыз.
Қадірлі Елбасы! Сіздей кемеңгер көшбасшымыз барда, біз, аналар, арқа-мызды Алатауға сүйегендей батыл өмір сүреміз. Ел бастайтын ерім бар, еретін елім бар, ұлан-байтақ жерім бар. Қазақтың еліне ие, жеріне қорған болатын Ұлы
дала перзенттерін лайықты тәрбиелеу — біздің міндетіміз. Қамқорлық Сізден болса, әрі қарай талпыну – бізден»,- деген болатын батыл ана.

Еңбек жолы

Ақбасова Ғалия Ниязқызы 1959 жылы 18 сәуірде Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылында дүниеге келген. Сол ауылда алғашқы сыныпқа барып, 10-сыныпты Қарашоқы орта мектебінде тәмамдаған. Алматы қаласындағы шет тілдер институтына оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтайды. Алғаш еңбек жолын да сол өзі мектепті бітірген Қарашоқы мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды. Жолдасының жұмыс барысына байланысты 1982 жылы Сарыөзек ауданындағы Қонаев атындағы орта мектепте еңбек жолын жалғастырады. Ол кезде жас мамандарды жолдамамен жіберіп отырады. Алтынемел орта мектебінде, кейіннен 1993 жылы Қоғалы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Алтынемел орта мектебінде 1989 жылы алғаш қазақ сыныбын ашуға мұрындық болады. 2000 жылы аудандық «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, бас жүлдені иеленеді. Одан кейін облыстық «Жыл мұғаліміне» қатысып, бас жүлдегер атанады. Сондай ақ, «Жетісудың майталман ұстазы-2000», Қазақстан «Жыл мұғалімі-2000» байқауларының жүлдегері. 2001 жылы ҚР «Білім және ғылым» қызметкерлерінің бірінші съезі өтеді. Сол съезге делегат болып сайланады. Содан бір күн бұрын яғни, 1 ақпан күні Н.Ә.Назарбаев Қазақстан бойынша 9 мұғалімді қабылдағанда, соның бірі Алматы облысынан Ғалия Ниязқызы болады.
2002 жылы Қоғалы орта мектебіне мектеп директоры болып тағайындалып, 2009 жылға дейін қажырлы еңбек етеді. Мектеп сол жылдары үздік бестіктің қатарынан көрінеді. 2009 жылы аудандық білім бөліміне басшылыққа ауысады. Ол жерде бір жыл қызмет етіп, жаңадан ашылған әскери қалашықтағы балабақшаға меңгеруші болып тағайындалады. 2017 жылдың желтоқсан айына дейін, яғни зейнеткерлікке шыққанша еңбек етеді. 2014 жылдан Қоғалы өңірінде де, Кербұлақ ауданында да «Аналар кеңесінің» төрайымы болып сайланып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында келеді. 2018 жылдан бері Алматы облыстық ҚХА жанынан құрылған «Аналар кеңесінің» орынбасары.


«Аналар кеңесі» бүгінде Ардагерлер кеңесімен бірлесіп ұрпақ тәрбиесі, жастар тәрбиесі жөнінде біршама ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарып келеді. Ұрпақ болашағы, соның ішінде қыз баланың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, мектеп қабырғаларында түрлі іс-шаралар өткізуге мұрындық болып келеді. «Қазақ қызы, қайдасың?», «Мұны әрбір қазақ білуі тиіс» атты бейнероликтер түсіртіп, мектептің тәрбие жөніндегі орынбасарларымен аудан бойынша барлық мектептерді дерлік аралап өткізіп келді. Бұл жерде облыстық аналар кеңесінің төрайымы Жамал Қасымбекқызына айтар алғысы да шексіз.
Ғалия Ниязқызы жолдасы Ақбасов Баясыл Ерасылұлы екеуі 3 ұл, 2 қызды дүниеге әкеліп, тағылымды тәрбие, жоғары білім беріп, өсіріп – жеткізген. Бүгінде 11 немеренің ортасында бақытқа бөленген ата- әже.

Р.S. Өмірін еңбекпен өрнектеп, сабырлықты жанына серік еткен жерлесіміз, ардақты ана Ғалия Ниязқызының өмір жолынан отандық телеарналар фильм түсірсе, үстіміздегі жылы кейіпкеріміздің есімі еліміздің ардақты «100 қайраткер» жобасына енетін болады. Елбасының қолынан екі мәрте Алғыс хат пен ризашылығын алу мәртебесінің бұйырғанын Ғалия апа өзіне Алланың берген сыйы деп түсінеді.

Динара Аужанова.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK