Мемлекет Басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы: табыс пен өмір сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында: 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару жолымен салықтық рақымшылық жүргізу туралы тапсырма берді.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық жасау, бизнеске жинақталған қарыздардан құтылып, заңды коммерциялық қызметті жалғастыру мүмкіндігін бере отырып, үш рет 1997-1999 жылдары, 2011 және 2015 жылдары жүргізілді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен 2019 жылы өткізілетін салықтық рақымшылық нормалары белгіленген. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін 2018 жылдың 1 қазаны жағдайындағы негізгі борышты 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеу шартымен өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару жолымен салықтық рақымшылық жүргізуді қарастыратын заң күшіне енді.

Мониторингке жататын ірі салық төлеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар (жерасты суларын, емдік балшықты өндіру құқығына ие болғандықтан ғана осындай болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда), акцизделетін өнім өндірушілер рақымшылыққа жатпайды.

ҚР Қаржы министрінің 2019 жылғы 21 қаңтардағы № 39 бұйрығымен 08.02.2019 ж. бастап қолданысқа енген салықтық рақымшылық жүргізудің қадамдық тетігін көздейтін бересі сомасы төленген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасын есептен шығару ережелері бекітілді.

Салық төлеушілерге рақымшылық жасау үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кіріс органдары күн сайын дербес шоттардың жай-күйіне мониторинг жүргізіп, негізгі қарызды төлеу кезінде үш жұмыс күнінен кешіктірмей есептен шығару туралы тиісті шешім шығарады.

Алматы облысы бойынша алдын ала деректер бойынша 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 5,2 млрд.теңге салық берешегі бар 9 608 орта және шағын бизнес субъектісі рақымшылық жасауға жатады.

Есептен шығаруға жататын өсімпұлдардың жалпы сомасы 1,5 млрд.теңгені, айыппұлдар – 102,7 млн. теңгені құрайды, олар негізгі борышты 3,6 млрд. теңге мөлшерінде төлеген жағдайда есептен шығарылады.

2019 жылғы 1 наурыздағы жағдайы бойынша 4 101 салық төлеуші бересі сомасын өтеген, олардың берешегінің 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жалпы сомасы 316,4 млн.теңгені құрады. Бүгінгі күні 58,1 млн.теңге сомасына өсім және 10,8 млн. теңге сомасына айыппұл есептен шығарылды.

Негізгі борыш сомасын, өсімақы мөлшерін салық төлеушілер «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасында жеке шоттан үзінді көшірмені алып анықтай алады.

Сонымен қатар, Салық берешегі туралы ақпаратты Комитеттің интернет-ресурсынан www.kgd.gov.kz білуге болады және «Электрондық үкімет» порталында «Салық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер»электрондық сервисі арқылы жүзеге асырылады.

Оңалту рәсімінде тұрған немесе салықтар бойынша кейінге қалдырылған салық төлеушілер бұған жатпайды. Егер мұндай салық төлеушілер салықтық рақымшылық жасауға түскісі келсе, олар мемлекеттік кіріс органына тиісті өтініш жолдап, салықтар бойынша негізгі борыш сомасын мерзімінен бұрын өтеуі қажет.

Бұдан басқа, оңалту рәсімінен өтіп жатқан салық төлеушілерге оңалту жоспарына өзгерістер енгізу, өзгерістерді кредиторлар жиналысымен келісу және оларды сот бекітуі қажет.

Алматы облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаменті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK