Талдықорғандағы Салтанат сарайында  «Қазақ билер соты – әділдік пен бітімгерліктің алтын тұғыры» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Өңір өнерпаздарының сомдауында Қазыбек, Әйтеке, Төле би  бабалар туралы  жан тебірентер қойылыммен басталған басқосуға танымал ғалым, профессорлар мен зиялы қауым өкілдері  қатысты.  Сөз алғандар бүгінгі сот ісін жүргізуде  дала данышпандары салып кеткен сара жолдан еш ауытқымауды баса дәріптеді.

Алқалы жиынды басқарған  Алматы облыстық соттың төрағасы  Мейрамбек Таймерденов: «Ұлы қазақ билері бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпаған бай рухани мұра сыйлады. Біздің бабалар ұстанған салт-дәстүр, мәдениетті сақтап қалуымыз сол билердің ерен еңбегі. Олар  ұлт құндылықтарын көздің қарашығындай қорғап,  адалдық пен адамгершілікті ту етті. Осы арқылы ғасырлар бойы мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған. Қара қылды қақ жарып төрелік айтқан даналар бізге мәңгі  бағыт-бағдар береді» ­­-­ деп атап көрсетті.

Өз кезегінде аймақ әкімі Амандық Баталов: «Ұлт болашағының кепілі «Рухани жаңғыру» бадарламасы аясында өткен бұл басқосудың берері мол. Елбасы Н.Назарбаев: «Барша қазақ баласы аттарын ардақтап, айтқандарын жаттаған осы үш бидің ел алдындағы еңбегіне, халық қамын жеген қасиетті ісіне сөз жеткізіп баға беру қиын-ақ….. Үш данагөйдің өнегелі, ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі, мүлтіксіз әділдігі жөнінде айтар әңгіме аз емес» деген еді. Ата-бабаларымыз «Тура биде туған жоқ,  туғанды биде иман жоқ» деп, билік құрудың мағынасына үлкен көңіл бөлген. Қазақ билерінің билік айтуы, іс қарауы ашық, жариялы түрде өткеніне тарих куә. Қандай қиын іс болса да ердің құнын екі ауыз сөзбен бейбіт түрде шеше білген. Сондықтан болар, заң ғылымының білгірі, академик Салық Зиманов «Би – ең алдымен сот» деп тұжырымдаған. Қорытып  айтқанда, билер мәртебесі Ұлы дала елінде қашанда жоғары. Олардың  «Дау мұраты – бітім» деген ұстанымын бүгінгі күнде соттар жалғастыруда. Еліміздегі сот орындары бабалардың осындай бай мұрасын жаңғыртып, ел игілігіне пайдаланады деген сенімдемін» — деді.

«Бүгінгі Алматы облыстық соты ұйымдастырып отырған отырыстың маңызы зор. Қазақты ел қылып, жерін сақтап, кеңейтіп, халықтың сауатты еткен билер. Тәуелсіз мемлекет болғанымызға 26 жыл ғана болды. Бұдан бұрын біз хандық дәуірді өткіздік, патшалық қарамағында отарлықта болдық. Осындай қиын заманда билер қоғамды, бірлікті  сақтап қалған. Билер сотын ұмытуға болмайды. Біздің  түпқазығымыз, қазақ қоғамының дамуының негізі — билер. Осыған байланысты, әлі де біз қоғамдық негізде билер құрамасын жасақтап, әр ауылдан, әр тұрғылықты жерден құруымыз керек. Олар халықтық салт-сананы кеңінен насихаттауы қажет. Сонда ғана біз алға жылжимыз. Биліктің бастауы — халық. Халықтың пікірін тыңдап, ұсынысымен де заң шығарушы органдар жұмыс істеуі керек», — дейді  заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арықбай Нүсіпәліұлы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK