С.Мұңайтпасова: Шын қаласаң бәріне үлгересің

666
Дереккөз

Ұлы ғұлама Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова: «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол -адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін» — деп арулардың қоғамдағы рөлін айшықтап берген еді. Расымен де әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Бүгінгі таңда жанұяның да, жұмыстың да бабын бір мезетте дөңгелетіп отырған аяулы жандар аз емес. Солардың бірі Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының актрисасы Сандуғаш Мұңайтпасова.

Ол әркімнің жүрегі дауалай бермейтін өнер жолын таңдады. Кәсібіне адал. «Ең үздік әйел бейнесі», «Үздік театр әртісі», «Жыл актрисасы», Президент стипендиясының иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атанды. Көрерменнің ыстық ықыласына, қошеметіне бөленген «халықтың қызы» отбасында адал жар, аяулы ана екенін ұмытқан емес.

Дереккөз

-Өнер жолы — ауыр жол. Әсіресе  әйел адамына екі есе ауыр. Оны осы жолды таңдап, өнер адамы боламын деп оқуға түсіп, студент атанғаннан бастап сезіндім және  ұстаздарымыздан алғашқы естіген сөздердің бірі болды десем жалған айтпаған болар едім. Ұстаздарымыз «Осы жолға түстің бе,  аяғына дейін боламын, ыстық-суығына көнемін және өнердің міндетті түрде бір белесіне жетемін, өзімнің шыққан  биігім болады деп саналарыңа құйып алуларың керек» деп жиі айтатын. Сол кезден бастап-ақ қандай мамандықты таңдағанымызды  сездік. Қызығы мен қиыншылығы, кереметі мен кедергісі қатар жүретін өнер атты аспанға қанатымызды қатайтып, ұшырды.

Дереккөз

Театрға қызметке  келгенде ұстаздарымыздан бөлек өнердегі апаларымыз, аға-әпкелеріміз де көпті үйретті. Кейін отбасын құрып, бір үйдің келіні атанған соң ана болу, жар болу, отбасылық өмір, балаларды тәрбиелеу ісі де күрделі екендігін түсіндім. Осы екі жолды бірге қатар алып жүру  нәзік жандыларға  оңай емес екені рас. Бізде премьера алдында, фестивальдерге дайындық кездерінде қарбалас болады, таңертеңнен түн жарымына дейін жұмыста жүреміз.

Дереккөз

Жұмыс болған соң көптеген жағдайлар, рөліміз шықпай қиналатын кездер болады. Бірақ ол жақтағы жағдайды үйге алып келмеймін. Өйткені отбасымның оған еш қатысы жоқ. Ал, жұмысқа барғанда үйдегі мәселелер үйде қалады. Менің көңіл-күйім әріптесіме әсер етпеуі тиіс. Гастрольге кеткенде де отбасымызға алаңдаймыз. Өткен жылы соңғы қоңырауда қызым оқуын үздік тәмамдағаны үшін грамота алды. Тура сол сәтте  гастрольдік сапармен  Татарстанға жолға шықтық. Қазір дамыған заман, видео байланыс арқылы барлығын көріп отырдым. Дегенмен де қызыммен бірге қуанып, қасында бола алмағаным жаныма батты. Қызым да «Анашым, бармай-ақ қойшы» деп шағымын айтты. Біздер эмоцияның адамдарымыз, осы тәрізді жағдайлар ерекше әсер етеді.  Бала тәрбиесінде әрине, әкенің орны бөлек, десе де  ана ерекше тұлға. Абай атамыз «Адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен беріледі» деген ғой. Қос перзентіме, отбасыма мейлінше көп көңіл бөлуге тырысамын. Егер адам шын қаласа бәріне үлгереді. Отбасындағы тыныштық, ерлі-зайыптылар арасындағы үйлесімділік, бақыт, махаббат, бар затты ұқсату, шаңырақтағы әдемі, жайлы атмосфера, жалпы үйдегі көңіл-күй осының барлығы әйел адамға тікелей байланысты деп ойлаймын.  Осы ретте ізімнен ерген сіңілілеріме айтарым бар. Ақыл айтудан аулақпын. Алайда, өмірде де, өнерде де көрген-білгенімді, ойға түйгенімді кеңес ретінде айтып өтейін. Жалпы, адамда мақсат пен ереже болу керек. Осы екеуі өзара ұштасқан сәтте  уақытың тығыз болса да жолдасыңа, балаларға, жұмысыңа, үй шаруасына да үлгересің. Отбасылық шешімді міндетті түрде бірге қабылдау керек. Әйелдер қауымы еркек әйелден бір саты жоғары тұратынын  ұмытпауы керек. Сонда ел қызыға қарайтын бақытты жанұялардың біріне айналарыңыз сөзсіз.

Дереккөз

Шұғылалы көктем мезгілінде тіршілік атаулы құлпырып, айнала ғажап түске боянады. Осы сәтте арулардың да сәні мен сымбаты ерекше түрленеді. Оның сыры да белгілі. Баршаңызды асыға күтетін төл мерекемізбен құттықтаймын. Қазақ халқы қашанда қыз баланы қадірлеп, бағалаған. « Руыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле»- деген сөз тегін айтылмаса керек. Біздерге артылар жауапкершілік жүгі мол. Себебі, біздер есімі аңызға айналған Домалақ ана, даналығымен белгілі Айша бибі, ана мен баланың пірі Ұмай ана, қазақтың қос шынары Әлия мен Мәншүк, қазаққа Абайдай дананы сыйлаған Зере мен Ұлжан сынды халық жадында сақталған тұлғалардың  ізін жалғаушымыз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK