Бүгін Талдықорған қаласының әкімдігінде Қазақстан Республикасы Сенатының депутаттары Бектас Бекназаров және Нұрлан Қылышбаевпен кездесу өтті. Олар «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы айтқан әлеуметтік қолдау шаралары қалай жасалатынын жұртшылыққа ұғынықты етіп жеткізу мақсатында келген, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Талғат Қыдыралиевтің төрағалығымен өткен жиынға қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық ұйымдардың, еңбек ұжымдарының өкілдері және журналистер қатысты. Басқосу барысында Сенат депутаты Бектас Бекназаров мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмекті қалай алуға болатынын айтып берді. Халық қалаулысының сөзінше, көпбалалы аналарға, мүгедек бала асырап отырған отбасыларға ай сайын жәрдемақы беріледі. Бірақ, бұл көмек тұрмысы төмен отбасыларға ғана көрсетілмек.

«Егер отбасының айлық табысы төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары болса, мемлекет тарапынан ақша берілмейді. Халық осыны дұрыс түсінсе екен дейміз. Мемлекет барлығын жасап береді деп босқа жату дұрыс емес, жұмыс жасауымыз керек», — дейді депутат.

 

Сонымен қатар, Бектас Әбдіханұлы елімізде ішкі саяси тұрақтылықты сақтаудың қаншалықты маңызды екенін айтып, бірнеше мысалдарымен бөлісті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK