Мейіржан Мұсабаев пен Айнұр Айтжан — Жетісудің үздік экскурсия жүргізушісі

668

«Үздік экскурсия жүргізушісі – 2017». Осындай атаумен  Елбасының  «Болашаққа бағдар — Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің  бастамасымен  Алматы  облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен  облыстық Қазақстан халқы  Ассамблеясының қолдауымен байқау өтті.

Байқаудың алғашқы күні қонақтар І. Жансүгіровтің әдеби музейін, Көркемсурет галареясын аралап, Нұрмолда Алдабергеновтың мемориалды музейі жұмыстарымен танысты. Ал М. Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейіндегі «Жетісу аңыздары» атты танымдық кеш, мамандықты дәріптейтін шеберлік сағаты да қонақтар көңілінен шықты. Ұйымдастырушылардың айтуынша,  бұл байқау музейлердегі ғылыми-зерттеу, көпшілік-танымдық жұмысқа шығармашылық көзқарасты қалыптастыру, сонымен қатар экскурсия жүргізушінің кәсіби қызметіне деген жауапкершілігін арттыруды көздейді.

Өңірімізде  екінші рет ұйымдастырылған   байқауға  аудан музейлерінен 17 үміткер қатысты.  «Достық» үйінде  өткен сайыстың  ерекшелігі — «Сакралды Қазақстан географиясы»  кешенді жобасы негізінде қатысушылар «Менің өлкемнің аңыздары» атты көпшілікке мәлім емес, дереккөздері жоқ киелі жерлер турлы зерттеу жасаған үй тапсырмасын орындады. Еліміздің, жеріміз­дің, тарихи мол мұраларымызды сақтап қана қоймай, келешек ұрпақ кәдесіне жарату, сонымен бірге бүкіл әлемге таныту мақсатында «Туған жер» бағдарламасын қолға алынғаны мәлім.   Жетісудың қай аймағын алсақ та мол мұраға, тарихқа бай. Ежелгі, тарихи, киелі орындарымен танысу елдік бейнеміздің кәусар бұлағы екенін, оның пайда болу тарихы арқылы  өткен тарихымызды, мәдениетімізді білетініміз­ді дәріптеудің де берері мол. Бұл орайда үміткерлер киелі жерге қатысты саяхат ұйым­дастырып, бейнеролик түсіріп әкеліпті. Мұнда тарихи, киелі жерлердің атауына, мән-мағынасына да аса маңыз берілген. Қапал, Алакөл, Балқаш, Ақсу, Жаркент, Райымбек, Есік, Күреңбелдің қойнауы  тарихқа, қасиетке ие бұлақ, киелі ағаш, ғажайып  үңгірге толы. Суы шипалы, денсаулыққа пайдалы. Әулиелік қасиеті бар адамдар да өткен. Зерттеуді қажет ететін тарихи орындар жетерлік.

Байқаудың  11 қатысушысы  екінші кезеңге жолдама алды. Олар «Музей мен музей қорықтарын дамытудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруға бағытталған байқау тапсырмаларына ыждаһатты даярланыпты. Тапсырма бойынша  жәдігерлермен  таныстырды.  Байқау  қатысушылары  жүктелген міндеттерді қалтқысыз  орындады.

Байқаудың жеңімпаздарын әділқазылар алқасы анықтады. Сүйінбай Аронұлы атындағы әдеби-мемориалды музейінің қызметкері Мейіржан Мұсабаев пен Шелек тарихи-өлкетану музейінен Айнұр Айтжан жүлделі  бірінші орынды жеңіп алды.

Екінші, үшінші орындарға І.Жансүгіров әдеби-мемориалды және Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейлерінен А.Оразбаева, З.Демеуқұлова лайық деп табылды. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен бағалы сыйлық табысталды.

Сондай-ақ,  Зәуреш Демеуқұлова — «Шебер экскурсия жүргізуші»,  Назира Қозбағарова — «Білімді маман», Баттал Әділет — «Үздік үй жұмысы»,  Нұржан Ахметханов — «Көрермендер көзайымы» аталымының арнайы марапаттарын иеленді.

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK