Талдықорғанда жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай «Ақынға тағзым» атты поэзия кеші өтті. Рухани шараны Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалы мен І.Жансүгіров атындағы əдеби музей ұйымдастырған. Жетісулық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен басқосу ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына  Құран бағыштаудан басталды.

 Осыдан соң, ақын мұражайына  жиналған жұрт назарына Алматы облыстық Б.Римова атындағы драма театрының әртістері Ілиястің балалық шағы туралы арнайы қойылымын ұсынса, өңір жастары өлеңдерін жатқа оқып, әуелете ән шырқады. Кешке қатысқандар мен өнер көрсеткендер тегіс қазақтың ұлттық киім үлгісінде киінген. Мұражайға қойылған әрбір жәдігер тартымды жыр шумақтарымен таныстырылды.

Көрермендер алдында сөз алған Жазушылар одағының  аймақтық филиалының төрағасы Ерлан Жүніс:  Көпке мәлім, биыл Алаш арысы, қазақ поэзиясының нар тұлғаларының бірі Ілияс Жансүгіровтің өмірге келгеніне 125 жыл. Осыған байланысты, ақын  туып-өскен Жетісу өңірінде ауқымды шаралар қолға алынуда. Бүгінгі шара соның бір парасы. Кешегі алмағайып заманда тағдыр тауқыметіне ұшырап, жазықсыз жаламен өлімге үкім етілген Ілияс ақынның ұлт мүддесі жолында, қазақтың төл мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесі өлшеусіз. Өткенді біліп, одан үлгі алу кейінгілердің парызы. Сондықтан да, біз бүгін «Өз ұлын,өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерін» демекші,ұлыларымызды ұлықтап, рухына тағзым етудеміз. Бұл тұғыры биік Тәуелсіздігіміздің арқасы» – деп, айрықша  атап көрсетті.

Кеш соңы М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Зайда Елғондинованың «Өлеңге тағзым» атты жыр кешіне ұласты.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK