Көктеммен көктеді – аналар көңілі

404
Фото авторы А.Нұршанов

Алматы облысы республикада алғашқылардың бірі боп тұрмыс жағдайы төмен және көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында  «Әлеуметтік карта» жасады. Көпбалалы отбасыларға арналып тұрғын үйлер салынатын болады. Аталмыш санатқа жататын  отбасынан шыққан балаларды жоғарғы оқу орындарында тегін оқумен қамту үшін қосымша 100 грант бөлінбек. Аз қамтылған отбасыларының балалары мектепте ыстық тамақпен 100% қамтылады. Көп балалы аналар үшін қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі де шешілген. Осы және өзге де мәселелер жөнінде облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев көпбалалы жас отбасылармен өткен кездесуде мәлімдеді.

Фото авторы А.Нұршанов

«Алғыс айту күні бұл біздің күнтізбемізден ерекше орын алатын күн. Осы мерекені атап өте отырып бір жағынан біз халқымыздың рухани  құндылығына  құрмет көрсетіп, өткенге көз жүгіртеміз. Екінші жағынан адамгершілікке негізделген болашаққа зор сеніммен қараймыз. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Мен тәуелсіз елімізде бірлесіп тұрып жатқан Қазақстан халқына ынтымағы мен ерік-жігері үшін алғыс айтамын. Қайырымдылықпен өзара үлгі көрсету дәстүрінің одан әрі нығая түсетініне сенімдімін» деген болатын. Елбасы күні кеше өткен «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде көптеген мәселелерге тоқталып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Барлық шаруа кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Қазақта «Балалы үй — базар» деген жақсы сөз бар. Осы базарларыңыз тарқамасын»-деп демографиялық дамуға үлесін қосып жүрген аналарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, жастығына қарамастан көпбалалы ана атанып, ұл-қыз тәрбиелеп отырған асыл жандарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Фото авторы А.Нұршанов

Облысымыздың Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков бастаған ел ағалары қазақтың салтына орай Іңкар, Жібек, Ясмин және Айдос есімді сәбилердің тұсауын кесті. Жиында Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «Жетісу еріктілері» еріктілер тобының  мұрындық болуымен  қос отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды.

Фото авторы А.Нұршанов

Алты баланың ата-анасы, отау құрғандарына 11 жыл болған  ақсулық Саудабековтер отбасы  өз шаңырақтарына қол жеткізгендеріне қуанышты екендіктерін жеткізді.

Фото авторы А.Нұршанов

 Ал, Талдықорған қаласының тұрғыны М.Мұқашаева үш перзентімен баспана тауқыметін тартқан жалғызбасты ана. Қуаныштан жанары жасқа толып «Ең қажетті болған үйімізге қол жеткізгеніме қуаныштымын. Тіпті, сезімімді жеткізе алар емеспін. Қиын сәтте қолдау білдіріп, көмек көрсеткен барлық жүрегі мейірімге толы жомарт жандарға, демеушілерге  аналық пейіліммен рақметімді айтамын»-деді.

Фото авторы А.Нұршанов
Фото авторы А.Нұршанов
Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK