талдықорған қалалық партия филиалы
дереккөз

Биылғы жылдың 1-наурызында «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Еліміздің жетекші партиясы осы  жиырма жылдың ішінде талай белестерді бағындырып, айшықты істердің қолдаушысы да болды. Саяси өмірдің дамуына өзіндік үлес қосқан «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жазықбаев Аманжол Тоқтарұлымен сұхбаттасап, бірнеше  сауал қойған едік.

-20 жылдық мереке қарсаңында Талдықорған қалалық партия филиалының өткені мен бүгінгі  жұмысы жайлы айтып берсеңіз . Қанша мүшесі бар?

— Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен «Нұр Отан» партиясы 1999 жылы құрылды. 20 жыл ішінде партия мүшесінің саны айтарлықтай өзгерді. Салыстырмалы түрде алатын болсақ,  қалалық партия филиалында 1999 жылы 1013  ғана адам мүшесі болса, осы көрсеткіш бүгінгі күні 11542-ға жетіп отыр. Бұл, әрине, партияға деген сенімді білдіреді.

Ал, республикамызда партияның белсенді мүшелерінің саны 1 млн-ға жуық  адамды құрап отыр. Партияның 17 өңірлік және 247 аумақтық филиалы жұмыс істейді. БПҰ-ның саны 6 мыңға жуық,  бұл Қазақстанның әрбір ауыл мен ауданында өздерінің бастапқы ұйымдары бар елдің жалғыз партиясы.

Партияны ел халқының көпшілігі қолдайды – 2016 жылғы парламенттік сайлауда халықтың  82%-ы «Нұр Отан» үшін дауыс берді. «Нұр Отан»- Қазақстанның стратегиялық бағытын жүзеге асыру төңірегінде халықтың бірігуінің өзегі болды.

-Қандай  жобалық бағдарламалар жүзеге асырылып отыр?

– Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында бірнеше стратегиялық жобаларды қолға алып отырмыз. Бүгінгі күні партия технологияның ашық ақпараттық қоғамға бейімделуі бойынша стратегиялық – 10 жобаны, партияны қолдаушылар желісін кеңейту бағытында – 8 жобаны, партияның қызметін транформациялау бойынша – 4 жобаны жүзеге асыруда.

 «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы — бақытты балалық шақ», «Сәтті қадам» жобалары  аясында  2018 жылдың өзінде 180-нен астам шаралар өтті.

«Қазақстанның кітапханалары: заманауи білім орталықтары» жобасы аясында 3 коворкинг орталығы ашылды.

Партия төрағасының бірінші орынбасары  Мәулен  Сағатханұлы  Әшімбаев 2018 жылы  облыс орталығында  болып, партияның  атқарып жатқан жұмыстарына  жоғары бағасын  берді. Атап айтсақ, партия жобалары аясында Талдықорған агротехникалық және политехникалық колледжі базасындағы  2 ІТ орталық пен Оқушылар сарайындағы бір  ІТ сынып жұмысымен танысып, роботехника саласындағы жұмыстарға  ризашылығын білдірді.

 

Нұр Отан партиясы қалалық филиалы
дереккөз

-Бұл ретте,  партия филиалына қарасты  бастауыш ұйымдардың қызметін жандандыру тұрғысындағы жұмыстарды саралай кетсеңіз?

-Бастауыш ұйымдар — партияның негізі. Қаламызда  240 партиялық топты біріктірген 28 бастауыш партия ұйымы елеулі жұмыстар атқарып келеді. БПҰ жандандыру жобасы аясында ауқымды істер бастау алып, бастауыштағы әр партия мүшесінің ақпаратын талдап, сараптап, 56 талаптан тұратын өзектендіру жұмыстары жүргізілді.

2017 жылы облыстық  «Үздік  бастауыш  партия ұйымы»  байқауында «ТАТЭК» АҚ   базасында  төрайымы Н.Әбеуова  «Жарық»  бастауыш партия ұйымы 1 орын иеленіп, республикалық байқаудан «Өрлеу» номинациясының иегері атанды. Сонымен қатар, 2018 жылы жоғарыда аталған байқауда Е.Мұқажанов жетекшілік ететін Талдықорған политехникалық базасындағы «Парасат» бастауыш партия ұйымы облыстық  деңгейде  өткен байқауда 2 орынды жеңіп алды.

-Қоғамдық қабылдау   бойынша азаматтардың қандай  сұрақтары өз шешімін тапты?

-Соңғы 2 жылда (2017-2018 жж.)  қоғамдық қабылдауға 752 өтініш түсті. Оның ішінде 173 өтініш бойынша оң шешімін тауып, 648 өтінішке тиісті кеңес беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі күні қалалық партия филиалында  және 10 ірі бастауыш партия ұйымдарында қоғамдық қабылдау бөлмелері өз жұмыстарын белсенді жүргізуде. Атқарған жұмыстардың нәтижесі де бар. 2017 жылы «Үздік қоғамдық қабылдау» байқауының аймақтық кезеңінде қалалық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі 1- орын иеленіп,  Тәуелсіздік күні қарсаңында партияның Орталық аппаратында республикалық үздіктерді марапаттау рәсімі өтіп, қалалық партия филиалы 3- орынның төрінен көрінді.

-Жастардың саяси істерге  араласуы, жас буынға қатысты қолға алынған жобалар туралы айтып берсеңіз.

-5000 мүшесі бар «Жас Отан» жастар қанаты қалалық филиалы 7 жобаны іске асыруда.   «Жастар-Отанға», «Сәтті қадам», «Жастар кадрлық резерві», «Еркін пікір», «Дипломмен ауылға», «Қазақша сөйлесейік», «English for Jastar»сәтті қолға алынған.

 2018 жылы «Жас Отан» жастар қанатының орталық кеңесіне сайлау жаңа форматта өтіп, әр облыстан 1 адамнан сайланатын сайлауда, біздің аймақтан 5 белсенді жас бақ сынады. Нәтижесінде талдықорғандық белсенді жас М.Абылқас Орталық кеңес мүшесіне сайланды. Өзінің ұтқыр ойы, көшбасшылық қасиетінің арқасында  Меруерт  қазіргі таңда облыстық партия филиалының консультанты қызметіне қабылданды. Аталған сайлауға қатысқан М.Абылқас және партия филиалының консультанты Ғ.Аманжолұлы Астана қаласында өткен «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінде делегат болып қатысып қайтты.

 Сөз соңында  айтарым, таяу онжылдық біздің партия үшін Отан игілігіне бұдан да белсенді жұмыс істеу кезеңі болмақ. Күні кеше ғана партия съезінде 2030 жылға дейінгі бағдарлама қабылданды. Партия Төрағасы Н.Назарбаев жаңа мақсат-міндеттерді қойды.  Ендігі кезекте, біз қазақстандықтардың сенімін бағалап және халықтың үміттеріне сай болу үшін барымызды салып жұмыстарымызды жалғастырмақпыз.

-Әңгімеңізге рахмет.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK